Жаңа SIM-карталарды сатып алу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы кезде онлайн алаяқтық фактілері жиілеп кеткені ешкімге жасырын емес. Азаматтардың дербес деректерінің таралып кету фактілері бар. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?", - деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.
Жаслан Мәдиевтің сөзінше, алаяқтық қоңыраулар анықталып, бұғаттауға арналған антифрод орталықтар құрылды.
"Жаңа SIM-карталарды сатып алу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіліп жатыр. SIM-карталарды үшінші тұлғаларға заңсыз беру және SIM-бокстарды заңсыз пайдалану кезінде жауапкершілік күшейтіліп жатыр", - деді министр.
Айта кету керек, осыған дейін жеке куәлікті үйден шықпай-ақ ауыстыруға болатынын жазғанбыз. Мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн көрсетіледі.