Мемлекет басшысы 2019 жылғы 26 желтоқсанда қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реттейтін бұл заң қазіргі таңда кезігіп отырған саладағы бірқатар мәселелерді шешеді. Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерді кондоминимум нысаны ретінде тіркеуді реттейді және оңтайландырады, пәтерлер және тұрғын емес үй-жайлар иелерінің үйді басқарудағы құқықтарын қамтамасыз етеді, көппәтерлі үйлерді басқарушылар мен басқарушы компаниялар қызметтерін реттейді, ортақ мүлікке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің жаңа тетіктерін енгізеді, пәтерлерді пайдалану, оларды тұрғын емес үй-жайларға ауыстыруда тұрғындардың келісімін алу сияқты мәселелерді реттейді, жеделсатыларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін ұлттық стандарттар қолдануды, қызмет көрсетушілерді аттестаттаудан өткізуді және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыруды қарастырады",– дейді ИИДМ баспасөз қызметінен.
Айталық, бұған дейін ортақ мүліктің дұрыс пайдаланылмайтыны туралы азаматтар тарапынан көптеген арыз-шағым айтылып келді. Енді жаңа заң бойынша көппәтерді үйді кондоминимум нысаны ретінде тіркеу керек. Оның жалпы ауданы анықталып, мүлік иесінің әрқайсының жеке үлесі айқын көрсетіледі. Яғни, үйді басқаруда тең құқыққа ие болады. Пәтер иелерінің келісімінсіз жалпы мүлікті сатуға немесе жалға беруге заңмен тыйым салынады. Кейбір құрылыс компанияларды үйді тіркемей тұрып, жертөле, ірге қабаттар сияқты ортақ мүлікті сатып жіберетін. Енді оған да тосқауыл қойылып, кондоминимумның нақты ауданы үйді жоспарлау барысында айқындалады.
Жаңа заң бойынша пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері басқарудың екі формасының бірін таңдауға тиіс: заңды тұлға ретінде мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құрады немесе барлығы бірлесіп басқаратын қарапайым серіктестік болады. Екі түрінде де "бір үй – бір бірлестік немесе қарапайым серіктестік – бір шот" қағидаты жұмыс істейді. Яғни, әр үйдің тұрғындары өз қаржыларын өздері басқарып, пайдалана алады. Немесе үйді басқару міндетін басқарушы адамға немесе басқарушы компанияға жүктей алады.
Сондай-ақ, жаңа заң талаптары бойынша тұрғын емес үй-жайлар пәтерлерден оқшауландырылып, өздерінің бөлек есіктері болуы тиіс. Және бұл талап енді хостелдерге де таралады. Түнгі мезгілде тыныштық сақтау, айналадағы кісілердің мазасын алатын шу шығаратын жұмыстар жүргізбеу, темекіні арнаулы орындарда ғана тарту сияқты өзге де талаптар айқындалады.
Жеделсатыларды қауіпсіз пайдалану саласындағы мәселелерді шешу үшін бірқатар шаралар қарастырылған.
Жалпы алғанда, жаңа заң көп пәтерлі үйлерді күтіп-ұстауды жақсартуға, мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін жаңа деңгейге көтеруге, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерін ортақ мүлікті басқаруға және туындайтын мәселелерді шешуге белсене атсалысуға ынталандыруға тиіс.