Жаңадан келген Ұлттық экономика министрі алдағы жоспарларымен бөлісті

271

Ведомство жаңа экономикалық өсімді қамтамасыз етуге жағдай жасауға ниетті. 

Жаңадан келген Ұлттық экономика министрі алдағы жоспарларымен бөлісті Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров қандай жұмыстар қолға алынатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгін Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясат курстың негізінде жаңа бағыттарды белгіледі. Атап айтқанда, бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары. Экономиканың негізгі екі бағытын айтуға болады. Яғни, экономикадағы құрылымдық өзгерістер және экономика саласындағы реформалар. Инвестицияларды тарту, салық және бюджет жүйесін өзгерту бойынша жұмыстар атқаратын боламыз", – деді ведомство басшысы Үкімет кулуарында. 

Журналист спикерден "Бұрынғы министр бұл жұмысты істей алмады ма?" деп сұрады.

"Бұл жұмыстар басталған. Енді оны дұрыстап аяқтап, жаңа экономикалық өсімді қамтамасыз етуге жағдай жасау керек", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бұдан бөлек тілшілер жаңа Салық кодексі қаншалықты өзгеретінін де сұрады.

"Қазір бұл туралы айту қиын. Осы мәселеге тағы оралатын боламыз", - деп түйіндеді Нұрлан Байбазаров.

Айта кету керек, осыған дейін Президенттің Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу