Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаруды заңсыз жасау және өткізу ісін тергеу барысында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының теріс діни бағыттағы екі тұрғынын ұстады. Қазіргі күні олардың экстремистік сипаттағы басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп, істің өзге де мән-жайы анықталып жатыр.
"7 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті атыс қаруын заңсыз жасау және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының деструктивті діни ағымды ұстанушы екі тұрғынды ұстады. Тінту барысында айғақ заттар табылып, тәркіленді. Оның ішінде екі автомат, үш тапанша, дыбыссыз атуға арналған құрылғы, сондай-ақ оқ-дәрі бар. 9 тамызда сот күдікті адамдарды қамауға санкция берді", – деп жазылған комитеттің хабарламасында.
Құралай Қуатова