Нұрдәулет Қилыбайдың сөзінше, мұндай аптап ыстықта ауызсу туралы сылтаулар қабылданбауы керек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Негізінде жаз айларында "бүйткен едік", "беруіміз керек еді" деген сылтаулар болмауы керек.
Не істеп отырсыздар? Бұл сылтауды халыққа барып айтып көр. Осы жерде, осы үстел басында бүкіл Маңғыстаудың ауызсуына жауапты мамандар отыр. Не сендердің жандарың ашымайды немесе бастарың істемейді. Екеуінің біреуі. Менің басқа айтатыным жоқ. Түсінер едім, егер ОСК-ға 20 мың қосылмаса, егер де жекеменшік 2-3 зауыт салынбаса... – деп ашуланды аймақ басшысы.
Нұрдәулет Қилыбай мұны "қолдан істеп отырған мәселе" деп есептейді. Әрі ешқандай сылтауды естігісі келмейтінін ескертті.
– Терең зерттеу жасау керек. Нормативтің бәрін көтеру керек. Келесіде кім не істемеді, соған қатысты шешім қабылдайтын боламыз. Білмеймін, күндіз-түні ұйықтамайсыңдар ма, басында қонасыңдар ма, бір-екі күннің ішінде осы мәселелердің бәрі шешілетін болсын. Не істесеңдер, оны істеңдер! – деді ол.
Осыған дейін ауызсу мәселесіне ашынған ақтаулықтар аймаққа ат басын бұрған әйгілі актер Джеки Чаннан да көмек сұраған болатын.