Белгілі журналист Қымбат Досжан Жәнібектің анасының табылмауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
“Сұрауы бар” YouTube арнасының жүргізушісі Жалғас Зейнолла журналистен “Жәнібектің анасының табылмағаны белгілі бір адамдарға тиімді сияқты емес пе? Себебі табылып жатса, артындағы біраз шындық пен қылмыстың шеті ашылуы мүмкін ғой” деп сұрады.
“Меніңше, қазір Жәнібектің анасының осы уақытқа дейін 1,5 ай бойы табылмағаны керісінше біраз былықтың бетін ашып жатыр деп айтар едім. Егер Жәнібек осында жүргенде анасын тауып, екеуін кездестіріп, “сау бол, енді келіп тұр” деп қала салуға болар еді. Табылмағандықтан, біз тереңге кеттік. Табылмағандықтан, бұл баланың ауыстырылуы мүмкін деген ой келгендіктен, біз арыз бердік. Әйтпесе бұл бір ғана редакцияның және әлеуметтік желінің қазақша сегментінде 1-3 күн айтылып, жазылып, сол күйі ұмытылатын жаңалық болатын еді. Ал бұл (мәселе) еліміздегі мемлекеттік деңгейге шықты. Сенатор Дархан Қыдырәлі Бас Прокурордың атына өткен аптада қандай керемет депутаттық сауал жасады”, - деп жауап берді журналист Қымбат Досжан.
Айта кету керек, осыған дейін журналист Қымбат Досжан осы мәселеге қатысты шұғыл мәлімдеме жасағанын жазған болатынбыз.