Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 1 шілдеден бастап күшіне енетін Әлеуметтік кодекстің негізгі новеллалары туралы айтып өтті.
Спикер сөз басында Әлеуметтік кодексті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, ЕуроОдақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынғанын және де еліміздің өз ерекшеліктері жан-жақты ескерілгенін атап өтті. Кодекс 5 бөлімнен, 22 тараудан және 267 баптан тұрады.
Әлеуметтік кодекс аясында 9 заң күшін жойып, 50-ден астам заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.
Вице-министр құжаттың жаңашылдықтарымен таныстырды.
"Мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылатын Отбасының цифрлық картасы. Оны енгізудің басты мақсаты қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте біз ОЦК-ны әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Сондай-ақ, ОЦК адамдарға SMS-хабарламалар жіберу арқылы мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігі туралы хабардар ететін электрондық жаршы құралы қызметін атқарады. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде проактивті форматта тағайындалатын болады. Қолданыстағы қағаз құжаттар уақыт өте келе алынып тасталады", - деп хабарлады Ақмади Сарбасов.