Гүлдара Алданышқызының Т.Рысқұлов ауданына сапары аясында Жарлысу ауылының тұрғындары таза ауызсуға жарымай отырғандарын айтып, жанайқайларын жеткізді. Ауыл тұрғындары тарапынан басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Тұрғындардың айтуынша, 2020 жылы сапалы ауызсумен қамту мақсатында тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілген. Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі "Жігер-2004" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен сапалы су тарту бойынша 2020 жылы наурызда шарт жасасады. Жұмысты желтоқсан айында қабылдап алған. Алайда тұрғындардың көптен күткен қуанышы ұзаққа созылмаған. Су ішуге жарамсыз болып шыққан.
"Жобаға сәйкес ұңғыманың тереңдігі 200 метр болуы қажет. Алайда бейне каратаж нәтижесіне сәйкес 1-ші ұңғыма – 159 метр, 2-ші ұңғыма – 171 метр болып шықты. Салдарынан ауыл тұрғындары әлі күнге дейін ауызсуға мұқтаж. Енді бір жыл кепілдік мерзімі бар. Сол уақытты сарп етпей, су тартуды тездету керек", - деді Гүлдара Нұрымова.