Жарнамасы жер жарған жобаның игілігін жамбылдықтар қашан көреді?

2005

Жуалы ауданындағы "Қаралма" кешенінің құрылысы 5 жылдан бері аяқталмай тұр.  

Жарнамасы жер жарған жобаның игілігін жамбылдықтар қашан көреді? Фото: Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасы

2018 жылдың тамыз айында Жамбыл облысының Жуалы ауданында "Қаралма" тау-шаңғы кешенінің құрылысы басталған болатын. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жоспары бойынша құрылысы бес айда бітуі керек болған кешен арада бес жылдан аса уақыт өтсе де әлі күнге дейін ел игілігіне берілмеді.

Асқар Исабекұлынан кейін облысты Бердібек Сапарбаев пен Нұржан Нұржігітов басқарды. Алайда екі әкім де неге екені "Қаралма" жобасына "жанашырлық" таныта қоймады. Осылайша жарнамасы жер жарған жоба әлі күнге дейін аяқсыз қалып келеді.

Жалпы қысқы және жазғы спорттық демалыс түрлеріне арналған кешен құрылысы 2018 жылдың тамыз айынан бастап әлеуетті инвестор "ТаразСтрой-2004" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаражаты есебінен жүргізіліп келеді. Жобаның жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайды. Тараз қаласынан 70 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 2 400 метр биіктікте, Батыс Тянь-Шаньнің Талас Алатауы, "Қаралма" шатқалында орналасқан.

Өткен жылдың қыркүйек айында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының туризм бөлімінің басшысы Жомарт Жайнақұлы БАҚ өкіліне берген сұхбатында жобаның толығымен аяқталуы үшін қосымша 2 миллиард теңге инвестиция қажет екенін айтқан болатын.

Бөлім басшысы сонда: "Бүгінгі таңда жобаның бастамашысы "Таразстрой-2004" серіктестігі тарапынан 4,3 миллиард теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті барлық инфрақұрылымдар тартылды. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі он шақырым асфальтталған автожол жүргізілді. Газбен, электрмен, сумен жабдықталды және кәріз жүйесі тартылды. Кешендегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру жұмыстары, кірме жол, кафе, сервис орталығы және тағы басқа да нысандардың құрылысы шамамен 90 пайызға аяқталды. Сонымен қатар кешен аумағында қонақүй, мейрамхана, бассейн, спорт ғимараттарын салу және оларға қажетті жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Осы іс-шараларды жүзеге асырып, жобаның толығымен аяқталуы үшін қосымша 2 миллиард теңге инвестиция қажет.

Алайда жоба бастаушысының жеке қаражатының тапшылығына байланысты кешеннің құрылысы толығымен аяқталмай отыр. Бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жобаға "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында 542,6 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы бөлініп, кешен ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда жобаға қажетті қаражатты пайыздық мөлшерлемесі төмен, жеңілдетілген несие беру арқылы немесе жобаны бірлесіп қаржыландыратын инвесторларды тарту арқылы нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр", - деп мәлімдеді.

Ал жуырда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жуалы ауданына жұмыс сапары аясында "Қаралма" кешеніне арнайы ат басын бұрды. Атқарылған жұмысты көріп, жауаптылармен тілдескен аймақ басшысы жобаны аяқтау үшін қолбайлау болып тұрған қаржы мәселесін қарастыратынын айтты.

Асқар Мырзахметов тұсауын кесіп, кейінгі екі облыс әкімі де соңына дейін жеткізе алмаған жобаға Ербол Шырақпайұлы "жан бітіреді" деп сенейік. Егер жоба іске қосылса жаңа жұмыс орындары ашылып, облыста қысқы туризмнің дамуына тың серпін беретін еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу