Жарылыс болған аумақта 718 адам тұрады – облыс әкімі

925

Әскери бөлім жарылған аумақта 3 елді мекен орналасқан. Онда барлығы 718 адам тұрады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жарылыс болған аумақта 718 адам тұрады – облыс әкімі

Ол жарылыс Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы №28340 әскери бөлімінде инженерлік оқ-дәрілер жарылғанын жеткізді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз облыстық штаб құрдық. Оған барлық мемлекеттік органның өкілі енді. Кеше қорғаныс және төтенше жағдайлар министрі оқиға орнына келді. Біз кеше түні бойы жұмыс істедік. Облыстық штабтың отырысын өткіздік. Онда шығынды есептеу, қандай жұмыстар жүргізу керегін талқылады", - деді аймақ басшысы ӨКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Бердібек Сапарбаев жарылыс болған аумақта 3 ауыл орналасқанын атап өтті.

"Оның ең жақыны Қайнар ауылы (1 шақырым), қалған 2 елді мекен 5 шақырым жерде орналасқан. Осы 3 елді мекенде 718 адам тұрады. Кеше бұл тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілді яғни олар 10 мектеп пен 5 жатақханаға орналастылды. Соңында 227 адам қалды. Олар өзінің туған-туыстарының үйіне кетті", - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы апат аймағын қалпына келтіру үшін 1 мыңнан аса құқық қорғау органы, 1 мыңнан аса әскер, 120 техника жұмылдырығанын айтты. 

Айта кетсек 26 тамыз күні сағат 19:00-де Жамбыл облысы, Байзақ ауданында қуатты жарылыс болды. Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шықты. Өрт салдарынан белгісіз заттың жарылысы орын алды.

"Өрт салдарын жою бойынша жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. ТЖМ, ІІМ бөлімшелері жұмылдырылды. Темір жол уақытша тоқтатылды", - деп жазды Президент.  

Оның хабарлауынша, Жамбыл облысына Қорғаныс министрі мен Ішкі істер министрінің төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары ұшып шыққан. Жарылыс болған маңдағы ауылдардың тұрғындары эвакуацияланып жатыр. 30-ға тарта облыстық ТЖ жөніндегі департаменттің қызметкері мен әскери қызметкерлер жарақат алған. 

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу