Жарылыстан жарақат алған 2 науқас ауыр халде жатыр – ДСМ

1031

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Тараз қаласындағы ауруханаға барды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Жарылыстан жарақат алған 2 науқас ауыр халде жатыр – ДСМ

Министрліктің мәліметінше, ведомство басшысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккендерді емдеу жағдайымен танысты.

Төтенше оқиғаға байланысты Алексей Цой жарылыстан зардап шеккендер ем алып жатқан палаталар мен реанимация бөлімшелерін аралап, дәрігерлермен және клиника басшылығымен бірге науқастардың жағдайын талқылаған.

Министрдің айтуынша, барлығы 98 адам медициналық көмекке жүгінген.

"Олардың 37-сі ауруханаға жатқызылды, қалғандары жарақат пункттерінде тиісті көмек алып, үйлеріне жіберілді. Барлық науқастардың жағдайы тұрақтанып, шок жағдайынан шықты. Оларға нақты ем көрсетіліп жатыр", - деді ведомство басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Тараздағы стационарларда жатқан 37 зардап шегушінің бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр.

"Қалған екеуі ауыр халде. 70 науқас амбулаториялық емдеуге ауыстырылды. Жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел медициналық көмек және санитарлық авиация бригадасы жұмылдырылды Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ауыр халдегі реанимациядағы пациенттерге медициналық көмек көрсету бойынша телеконсультация өткізді", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ бүгін таңертең Алматыдан сондағы №4 және №7 қалалық ауруханалардың реаниматолог, комбустиолог травматолог дәрігерлерінен тұратын медициналық авиацияның мобильді бригадасы Таразға ұшып келген.

Алексей Цой зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс айтты.

Айта кетейік, кеше Жамбыл облысы, Байзақ ауданында жойқын жарылыс болды. Салдарынан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шықты.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу