Ханчжоуда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азиа ойындарында Нұрқанат Әжіқанов каратэден чемпион атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына сегізінші алтын жүлдені салды.
"Нұрқанат ақтық сынға шыққан сәтте жұмыста едім. Жалпы, қай жарыс болсын, мен ұлымның кездесулерін қарамаймын. Қарай алмайды екем. Барлық спортшының анасы солай сияқты. Бірақ, ұлыма сенімдімін. Осыншама уақыт тер төгіп, еңбектенді. Отбасы ағана емес, халық сенді. Оның жүлдесі- сол халықтың тілегі деп ойлаймын. Баламмен сөйлестім. Марапаттау салтанатынан соң хабарласты, құттықтадық. Жеңісі көп бола берсін деп тілеймін",- деді Нұрқанаттың анасы Гүлмира Сайжанова.
Естеріңізге салсақ, Нұрқанат Әжіқанов 75 келі салмақта бақ сынады. Ол финалда иорданиялық Хасан Масарвеханы 8:0 есебімен ұтып, бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.
Спортшыны Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтады.
"Олимпиадаға бергісіз Азия ойындарында жеңіске жету, алтын алқа тағыну - үлкен жетістік. Жерлесіміздің жеңісіне күллі қазақ елі қуануда. Бұл қуаныш ұлтымыздың абыройын биіктетті", - деді Асхат мырза.
Нұрқанат Әжіқанов - кадеттер, жасөспірімдер және жастар арасындағы Қазақстанның абсолютті чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері.