Жас кәсіпкердің жобасы тағы да қайтарымсыз грант ұтты

1789

"Бизнестің жол картасы" бағдарламасымен "Ағаш өңдеу цехы" жобасымен 2 млн теңге қайтарымсыз қаржыға ие болды.

Жас кәсіпкердің жобасы тағы да қайтарымсыз грант ұтты

Бүгінде кәсіпке бет бұрған жастар қатары көбейген. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікте олар құрған бизнестің керегесі кеңейіп келеді. Себеп: мемлекеттік қолдаудың кең өріс алғандығында әрі өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мамандарының қажырлы еңбектерінің нәтижесі.

Осыдан он шақты жыл бұрын өңірде экономикаға тірек болатын кәсіпкерлік нысандарын көбейту, өндіріс орындарын ашу қарқынды қолға алынып, жұмыссыздық мәселесін шешудің бірден-бір жолы кәсіпкерлікті дамыту болды. Осы мақсатта "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қызылорда облыстық филиалы және Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен "Бизнес бастау" жобасы жүйелі жүзеге асырылып, кәсіптен несібе теруге талпынған жандарды демеп келеді. Осының нәтижесінде облыста отбасылық бизнес өркен жайды. Оның бір дәлелі – қармақшылық жас кәсіпкер Әзиз Дүкенбай. Ол отбасылық бизнесті қолға алып, өндірісі мен өрісін кеңейтуде. Былтыр ғана "Бизнес бастау" жобасы арқылы оқып, "Жиһаз жасау цехы" атты бизнес жобасын сәтті қорғаған ол 505000 теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізеді. Ал биыл "Бизнестің жол картасы" бағдарламасымен "Ағаш өңдеу цехы" бизнес жобасын тағы да ұтымды қорғап, 2 млн теңге қайтарымсыз қаржыға ие болды.

"Қазіргі нарық жағдайында "Алма піс, аузыма түс" деп, қарап жататын уақыт емес. Қарекет қылғанның асығы алшысынан түсуде. Одан бөлек бизнеске білек сыбана кіріскендер мемлекеттік қолдауға ие болып жатыр. Мемлекет шағын және орта бизнесті салықтан 3 жылға босатты. Жас кәсіпкерлерге "қандай кәсіпке сұраныс бар" деген сұрақтар болса көмек көрсетуге даярмын. Осы ретте қолдау көрсеткен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қызылорда облыстық филиалына алғыс білдіремін", – дейді Әзиз Дүкенбай.

Бүгінде жас кәсіпкер цех жұмысын жандандыруға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, цех жұмысын кеңейтіп жатыр. "ДОС" жеке кәсіпкерлігінің жиһаз цехы үйге, әртүрлі ғимараттарға арналған ағаштан жасалатын барлық жиһаз өнімдеріне тапсырыстар қабылдаймыз дейді.

Әзірге бауырларымен бірігіп жұмыс істеп жатқан Әзиз алдағы уақытта қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Әзірге сұраныс аудан іші мен ауылдардан көп түсіп жатыр екен. Алдағы уақытта облыстың басқа да жерлеріне тапсырыспен барып жасау, орнату, безендіру қолға алынатынын айтады жас кәсіпкер.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу