Жасанды интеллектіні енгізу және дамыту туралы сарапшылар не дейді?

2359

Жасанды интеллекттен қорқудың қажеті жоқ! Қайта оны бірқатар салаға енгізіп, жұмысты барынша оңтайландыруға мүмкіндік бар.

Жасанды интеллектіні енгізу және дамыту туралы сарапшылар не дейді? Фото: Inbusiness.kz

Бүгін Алматыда өткен халықаралық ғылыми конференцияда сарапшылар осылай деді. Форумға жиналған жетекші ғалымдар ақпарат саласындағы соңғы зерттеулерін бөлісті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бүгін Қазақстандағы 4 жоғары оқу орнының және бірқатар шетелдік университеттің басын қосқан халықаралық ғылыми конференцияның үшінші күні. Шараға арнайы Бельгия, Чехия және Катардан қонақтар келген. Олардың барлығын толғантқан жасанды интеллект мәселесі. Жиналғандар бірқатар салада жұмыс күші мен уақытты үнемдеу үшін жаңашылдықты енгізуден қорықпауға шақырады.

"Медицинадағы ақпараттарды жылдам оңтайландыру үшін, жұмысты анағұрлым жеңілдету үшін арнайы модельдер керек. Оны жасанды интеллект, нейро-жүйелердің көмегімен істеуге болады. Жалпы қай саланы алмасақ та, мұндай шешім бізге аса қажет. Конференцияның үшінші күнінде де осы мәселені шетелдік әріптестерімізбен кеңінен талқылап жатырмыз", - дейді ҚБТУ ғылым және инновация жөніндегі проректоры Дидар Батрышев.

Жасанды интеллект адамның миы мен мамандықтарды алмастыра алмайды. Қайта ол адамның өмір сүру сапасын жақсартып, жеңілдетуге бағытталған. Сондықтан, оны барлық салаға ептеп енгізу қажет, дейді конференцияға жиналғандар.

"Бүгінгі таңда Big date яғни үлкен деректермен жұмыс істеу өте маңызды. Big data дегеніміз қолымызда бар ақпараттан жаңа бір мәлімет алу. Яғни, оның көмегімен миллиондаған адамның дерегін бірнеше секундта-ақ тексеруге болады. Оны медицина және ішкі істер саласында да қолдануға мүмкіндік бар. Мен қазір осы тақырыпта зерттеу жасап жатырмын", - деді Острава техникалық университетінің ректоры Ваклав Снасел.

Айта кетейік, мұндай жоғары деңгейдегі ғылыми конференция Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Шарада 100 баяндама оқылса, оның 70-сі Elsevier (Эльзевирде) басып шығарылмақ. Конференцияға жиналғандар мұндай әлемдік деңгейдегі баспа үйіне тек кіл мықтылардың еңбегі жарияланады, деп отыр. Ал жас ғалымдар кейін оны кәдеге жаратып, зерттеулеріне қолдануына әбден болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу