Сот отырысында марқұм қыздың әкесі сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шүтенов өзін қылмыстық істе жәбірленуші деп тануды сұрады. Оның адвокатының сөзінше, марқұмның әкесі жерлеу рәсімдерімен айналысқандықтан, тергеу кезеңінде іске қатыспаған.
"Ол жерлеу ісімен айналысып жүрген кезде бұрынғы әйелі жалғыз жәбірленуші ретінде танылды. Оның сотталушыға шартты жаза тағайындау туралы өтініші бар екенін кейін білді", – деді адвокат.
Мемлекеттік айыптаушылар бұл талапты негізді деп таныды.
Ер адамның айтуынша, оның қызы 2005 жылдың желтоқсанында дүниеге келген.
"Біз 2018 жылдан бері бірге тұрмаймыз. Бұрынғы әйелім бес баланы дүниеге әкелді. Осымен екінші қызымды жер қойнына тапсырдым. Біріншісінің аты Аружан еді, ол бір жарым айлығында қайтыс болды. Тағы үш ұлым бар. Екінші қызымды 20 жасында жерледім. Оны бағып-қағып өсірдім, жақсы көрдім. Биыл жазда тұрмысқа шығуы керек еді. Бұрынғы әйелімнің өтемақы алғанын балалардың болашағы үшін жасаған әрекет деп түсінемін, оны айыптамаймын. Бірақ өз басым ешқандай кешірім берген емеспін", – деді марқұмның әкесі.
Ол ақша алғаны және айыпталушының отбасына қоқан-лоққы көрсеткені туралы қорғау тарапының айыптауларын жоққа шығарды.
"Мен Таразға оның әкесіне бардым, дөрекілік танытпадым. Әкесі жылап отырып, "баламды кешір" деді. Мен "сіз кінәлі емессіз, жалғыз кінәңіз – балаңызға дұрыс тәрбие бермегеніңіз" дедім. Сосын шығып кеттім. Ешқандай қорқыту да, дөрекілік те болған жоқ. Қандай өтемақы туралы айтып отыр? Анасы менен қашып жүр", – деді ол сотта.
Адвокат ер адамның психологиялық жағдайы туралы сұрады.
"Мен үш ай бойы ұйықтаған жоқпын", – деді ол.
Судья ер адамнан жауап алынғаннан кейін оны жәбірленуші деп тану туралы өтінішті қанағаттандырды.