Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кәсіпкерлік кодекстің талабына сәйкес, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлға банкте жеке бизнес шот ашуға міндетті. Сонымен қатар көрсетілген қызмет немесе сатылған тауар үшін барлық төлемді кәсіпкерлік шотта көрсетуі тиіс. Жеке тұлға ретінде оған туыстарынан немесе жеке мақсаттарына байланысты мобильді аударымдарды қабылдауға шектеу қойылмайды. Бизнес үшін жеке бизнес шоттың қолданылуы маңызды. Кейіннен бизнес-шоттағы кірісті есепке алу оның кірістерін салыстыруға негіз болады. Барлық камералдық бақылау рәсіміміз кәсіпкерлік қызметтен түсетін ақша ағынын қамтуға басымдық береді. Өкінішке қарай, мобильді аударымдарды қолданумен байланысты тенденция оған да зер салуға мәжбүр етіп отыр", - деді Қайрат Миятов.
Оның сөзінше, кәсіпкерлік шоттарды барлығы бірдей адал пайдалана бермейді.
Айта кету керек, осыған дейін құзырлы органдар барлық мобильді аударымдарды тексермейтінін жазған болатынбыз.