Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалпыға ортақ декларациялау тақырыбына алдағы жылдары қайта оралуымыз керек деген пікірде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мен декларациялау туралы нақты айттым. Бұл мәселеге қайтадан оралуымыз керек. Себебі бұл жерде жемқор шенеуніктер мемлекеттің қаржысын, мүлкін елден шығарған кезде өзінің атына рәсімдемейді, оны туған-туысқандарының, алыс туыстарының атына рәсімдейді. Мен жалпы Президенттің негізгі бағытын қолдаймын", – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, 8 миллион адамды қазір бұл жауапкершіліктен босатылса, жемқорлардың іс-әрекетіне баға берілмей қалады.
"Жалпы сыбайластық жемқорлықпен шынайы күресеміз, жемқорлардың мемлекеттің бюджетіндегі ұрлаған ақшасын мемлекет меншігіне қайтарамыз, шынайы күресті жүргіземіз десек, көзбояушылық емес, біз кейін салмақты түрде бұл мәселеге қайтадан оралуымыз керек", – деді Бақытжан Базарбек.
Айта кету керек, осыған дейін қазақстандықтар келесі жылы декларация тапсырмайтынын жазған болатынбыз.