Жеңіл өнеркәсіптің жанайқайы: Мемлекеттік сатып алу жүйесіне кіру қиын

516

Мемлекеттік сатып алу жүйесіне кіруге кедергі көп. 

Жеңіл өнеркәсіптің жанайқайы:  Мемлекеттік сатып алу жүйесіне кіру қиын  Фото: Elorda.info

Жеңіл өнеркәсіп өкілдерінің жанайқайы осындай. Алматыға жиналған кәсіпкерлердің  айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесінде импорттың үлесі жоғары. 

Халық тұтынатын тоқыма, үй текстилі, аяқ киім, киім-кешек, тері-ұлпанның   90 пайызы шетелден импортталады. Құны халықтың қалтасын қақса да, жеңіл өнеркәсіпке мән берілмей келеді, деп кіжінді кәсіпкерлер. Осы мәселеге арнап жиын өткізген сала өкілдері проблемалар  мен  ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, оңтүстікте мақта өсіріп, мата өндірумен айналысатын бизнес жылына 80 мың тонна мақта алса, оның 15 мың тоннасы ғана өңдеуге кетеді. Қалғаны экспортқа жіберіледі. Себебі, өнімді ішкі нарыққа өткізу қиын. 

"Ішкі базарда қағаз түрінде көп  нәрсе көп көрсетілген. Бірақ іс жүзіне келгенде бюрократиялық кедергілерге кезігіп, біз қалып кетеміз. Бізге шығарған затымызды сата алатын кепілдік керек", дейді Жеңіл өнеркәсіп иесі Бауыржан  Жамалов. 

Қазақстанда  жеңіл өнеркәсіп саласында үлкенді-кішілі 1200-ден аса кәсіпорын бар. Олар мектеп формасы мен әскери киімдер бойынша ішкі қажеттілікті жаба алар еді. Алайда, мемлекеттік сатып алу жүйесі  импортқа басымдық береді. Өндірушілер алымсақ жоқ налыса, киім тігушілер шикізат жоқ деп шағымданады. Ине мен түймеге дейін шетелден тасимыз деп отыр тігіншілер. Айналып келгенде, салада жүйенің жоқтығы байқалады. Бұл саланы реттеу және өндірушінің өнім өткізуге үкіметтің қолдау қажет. Яғни, билік бұл нарыққа "балық" емес, "қармақ" берсе жеткілікті.  

"Импортты алмастыру туралы айтқанда, ең бірінші мәселе  мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі олқылықтан бастау керек. Себебі, біздің мемлекеттік сатып жүйесінде импортты алмастыру деген бағыт жоқ. Мысалы, импортты маталарлар тігілген өнімдерді сатып алуға шектеу қойылмаған. Тек отандық матадан тігілген киімдерге басымдық  беру керек. Оның сапасы мен бағасы бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыс істеп жатырмыз", дейді QazTextileIndustry ұйымының жетекшісі Гүлмира Уахитова. 

Айта кетейік, жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі былтыр 6 пайызға өсіп, 178 млрд долларға жеткен. Салада 27 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жеңіл өнеркәсіпті жетілдірсек, халықтың киім-кешекке жұмсайтын шығыны азайып, әл-ауқаты өсер  еді,-дейді мамандар. Нарық ойыншылары жеңіл өнеркәсіптің  ұлттық жобасын немесе кешенді жоспарын құруды ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу