Маңғыстау облысында құбыр жарылып, су жер бетіне атқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба желіде тарады.
"27 сәуірде Қарақия ауданының өндірістік аймағында су құбырының жарылу дерегі тіркелді. Нақтыланған мәліметке сәйкес, "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның мұнай-газ өндіру басқармасы аумағында қабат қысымын ұстап тұру үшін айдалатын су құбыры жарылған. Ақау салдарынан су жер бетіне атқылады. Зардап шеккендер жоқ", – деп хабарлады Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Өзенмұнайгаз" АҚ мәліметінше, апат жедел түрде оқшауланды. Қажетті дәнекерлеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, құбырдың зақымданған бөлігі толық жөнделді.
Қазіргі уақытта құбыр қалыпты жұмыс режиміне қайта қосылды. Сондай-ақ, бұл оқиғаның қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейтіні хабарланды.