Жер қойнауын пайдаланушылар ғылымға бөлінуі керек қаражатты орынсыз жұмсауда

451

Ғылым мәселелеріне қатысты жаңа заңнамалық өзгерістерге жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің ғылым саласындағы қызметін реттеу енгізілді. 

Жер қойнауын пайдаланушылар ғылымға бөлінуі керек қаражатты орынсыз жұмсауда Фото: parlam.kz

Заң бойынша 1% деңгейінде ғылымға қаражат бөлу туралы норма бар, бірақ ол норма іс жүзінде жұмыс істемейді, деп жазады inbusiness.kz Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов баяндамасына сілтеме жасап.

"Негізі бұл үлкен проблема. Заң бойынша 1% деңгейінде ғылымға қаражат бөлу туралы норма бар, бірақ ол норма іс жүзінде жұмыс істемейді. Жер қойнауын пайдаланушылардың көбісі бұл қаражатты ғылымға қатысы жоқ басқа бағыттарға жұмсауда. Ашықтық пен бәсекелестік те жоқ.

Осыған орай заң жобасы шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобаларға мемлекеттік техникалық сараптама жүргізу бойынша міндеттемелер белгіленеді жыне де ол зерттеулердің мониторингі мен нәтижелерін тіркеу бойынша нормалар да ұсынылды.

Бұл толықтырудың мақсаты — осы қаражаттың ғылымға жұмсалуын және де ашықтығын қамтамасыз ету", — деді депутат. 

Сонымен қатар жаңа заңнамада ғылыми жобалардың қаражатын тиімді пайдалану мүмкіндігі қарастырылды. 

Ғылыми жобалардың жетекшілеріне осы жобаға бөлінген бюджет шеңберінде қаражатты әртүрлі баптары арасында икемді қайта бөлуге құзырет беру туралы норма ұсынылды. Бұл шара ғылыми міндеттерді орындаудың тиімділігін арттыруға және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
 
Ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру бойынша айтар болсақ, мұндай мүмкіндік 2021 жылы енгізілген еді.

"Яғни мемлекет үшін өте маңызды, институттар тек қана конкурс арқылы берелетін гранттармен өмір сүрмей, тұрақты үзілмейтін тікелей қаржыландыру алу мүмкіндігіне ие болды.

Заңда қазір Қазақстан тарихы, археология, шығыстану, қазақ филологиясы сияқты 17 бағыт қана болса, біз енді олардың санын көбейту мүмкіндігін беріді ұсынудамыз.
Яғни Үкіметтің шешімімен басқа да иниституттар осындай тұрақты, үзіліссіз қаржыландыру алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл өте маңызды шешім", — деді депутат. 

Сонымен қатар Эндаумент қорының қаражаты есебінен Дарынды жас ғалымдарды қолдау үшін стипендия тағайындау туралы норма енгізілді.  Ал әскерге барып өз борышын өтеген азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер ұсынылды.

"Біріншіден осы санат үшін арнайы квота енгізу ұсынылады.

Екіншіден. Олар осы квоталар шеңберінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына арнайы дайындалған емтихандар негізінде түсу мүмкіндігін алады

Үшіншіден. Осы азаматтарға жатақханада орын бөлген уақытта басымдық беріледі", — деп түсіндірді А. Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу