Жер сілкінісі кезінде алматылықтарға SMS неге кеш жетті?

496

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Алматыдағы зілзала кезінде SMS хабарламалардың кеш жіберілуіне қатысты түсінік берді.

Жер сілкінісі кезінде алматылықтарға SMS неге кеш жетті? Фото: inbusiness.kz

Министрлік байланыс операторлары төтенше жағдай кезінде хабарламаны бірден жіберген, алайда абоненттерге ақпараттың жетуінде технологиялық мәселелер болған деген пікірде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз бұл мәселені жүйелі шешіп жатырмыз. Яғни біз жылдам хабарламалар жүйесін енгізетін боламыз. Бүгін Мәжіліс отырысынан залынан шықтық. Онда байланыс туралы заң жобасы бірінші оқылымда таныстырылды. Кеше депутаттармен сөйлескенде бұл норманы осы заң жобасының екінші оқылымына енгізу ұсынылды", - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Әзірге спикер айтқан жоба қашан іске асатыны белгісіз.

Ұялы байланыс операторлары SMS хабарламаларды жылдам жіберу бойынша технологиялық мәселелер бар екенін айтты, деп жалғастырды спикер. 

Тілшілер вице-министрден "Байланыс операторларына айыппұл салына ма?" деп сұрады. 

"Бізде SMS хабарламаларды баяу жібергені үшін айыппұл салу тетігі жоқ (...) "Азаматтық қорғаныс туралы" заңның 6-бабына сәйкес байланыс операторлары жаппай SMS жіберуге міндетті. Бұл операторлардың шоты есебінен жүзеге асырылады", - деп қысқа қайырды министрлік өкілі.

Бұдан басқа Асхат Оразбекке байланыс операторлары жер сілкінісі кезінде тұрғындарға SMS-ті неге уақытылы жібермеген деген сұрақ қойылды.

"Олар уақытылы жіберген. Операторлар Төтенше жағдайлар министрлігінен ақпарат түскеннен соң бірден хабарлама жіберген. Келесі мәселе – телекоммуникациялар желісі бойынша хабарламалардың кеш жетуінде. Бұл да проблема. Оны басқа технологиямен шешетін боламыз. Жылдам хабарламалар жүйесі бірнеше секунд ішінде әр абонентті қажетті локацияда ақпараттандыруға мүмкіндік беретін болады. Бұл – мәселенің шешімі. SMS туралы олай деп айта алмаймыз", - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Айта кету керек, осыған дейін Алматыда зілзала кезінде дабыл неге іске қосылмағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу