Жеті айдан бері жалақы алмаған "Қазақфильм" аниматорлары наразылыққа шықты

317

Айтуларынша, мемлекет тиісті қаражатты бөлгенмен, қазіргі басшылық оны игермей отыр. 

Жеті айдан бері жалақы алмаған "Қазақфильм" аниматорлары наразылыққа шықты Фото: TRT Avaz

Алматыда жеті айдан бері жалақы ала алмай жүрміз деген аниматорлар "Қазақфильм" басшылығына наразы. Айтуларынша бес жыл бұрын дайындығы басталған "Алтын адам" анимациялық фильмі толық аяқталғанымен киностудия тиісті төлем жасамаған. Енді 80 миллион теңгеден аса ақшаны ала алмай жүрген аниматорлар қарызға белшеден баттық деп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Информбюро-ға сілтеме жасап.

Қазақ анимациясын дамытуға күш салып келеміз деген жандар бүгін балаларын ертіп киностудия алдына жиналды. Бұған шығармашылық топтың бірнеше айдан бері атқарған жұмыстарының ақысын ала алмауы себеп болыпты. Айтуларынша 2019 жылы басталған "Алтын адам" туындысын былтыр толық аяқтап өткізген. Бірақ айтылған түзетулерді қайта жасап берсек те қаражатымыз берілмеді дейді.

"7 ай болды қазақ анимациясы жабық тұр. Мемлекет ақшаны бөлген, бірақ мына қазіргі басшылық оны игермей отыр. Тиісті қағаздарға қол қоймай қасақана анимацияның жұмысын жүргізбей отыр", – деді анимация бөлімінің бас редакторы Ерлан Төлеутай. 

Түрлі анимациялық туындыларды жасап келген мамандар әрбір мультфильмнің артында үлкен еңбек жатқанын айтады. Сондықтан бір мультфильмді аяқтау үшін біршама қызметкер жұмыс атқарады. Мәселен 1-2 секунды сәтті шығу үшін мықты мамандардың өзіне 1 күннен аса уақыт қажет екен.

"Ең мықты аниматор күніне 1 секунд, 2 секунд салуы мүмкін. Керек болса кейбір аниматорлар енді үйреніп жүргендері күндіз-түні сол ақшасын табу үшін сол өнімді шығару үшін жұмыс жасайды. Бірақ сол қаншама терін төгіп істесе де, дұрыс айлығын ала алмай отыр", – деді "Алтын адам" фильмінің екінші режиссері Тілек Төлеуғазы. 

Ал "Қазақфильм" басшылығы болса қазақ анимациясына тиесілі ақшаның кешіктірілуіне сот процессінің жүруі себеп дейді. Өйткені тапсырыс беруші ескертулерге байланысты туындыны қабылдамаған. Сондықтан қазір толық аяқталған "Алтын Адам" анимациялық фильмінің қаражатын алу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр деп отыр.

"Сараптамалық кеңестен "Алтын адам" мультфильміне қатысты 2 қағаз ескерту алдық. Онда әрбір минут, секундына дейін жазылған. Сол ескертулерге байланысты біздің жұмысымызды қабылдамады. Енді осы жоба бойынша біз соттасып жатырмыз. Тамыз айында сот отырысы өтеді деп жоспарлануда", – деді "Қазақфильм" АҚ вице-президенті Айдар Омаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу