Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев бокстан жастар арасында әлем чемпионы атанған Садриддин Ахметовпен кездесті, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Аудан басшысы бір жылға жетер-жетпес уақыт аралығында жеті мәрте шаршы алаңға шығып, барлық кездесулерін нокаутпен аяқтаған 21 жастағы боксшыға өз атынан алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
"Жетісай қаласында туып, қазақ халқының атын әлемге танытып жатқан сендей жерлесімізбен шын мәнінде мақтанамыз. Біз сенің барлық жекпе-жектеріңді жібермей көруге, жанкүйер болуға тырысамыз. Алдағы уақытта кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атануыңа тілектестік білдіремін. Жетісай жұрты әрқашанда сенімен бірге. Қазақ халқының сендей ұлдары аман болсын! Туған топырағың – Жетісай ауданына қош келдің!" – деді Жамантай Бейсенбаев.
Кездесуден соң аудан әкімі әлем чемпионына тұлпар мінгізді. Шараға 100-ден астам аудан тұрғындары мен жас спортшылар және жақын ағайын-туыстары қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, жерлесіміз биыл 24 қаңтарда Канаданың Монреаль қаласында мексикалық Абрахам Хуаресті нокаутпен ұтып, WBC нұсқасы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын. Таяуда ғана ол Алматы қаласында өткен бокс кешінде бірінші орта салмақта Джон Рубамен айқасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.