Жетісайда 106 мың тоннадан астам мақта жиналды

178

Негізгі табысы агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданында бүгінде мақта теру науқаны қарқынды жүргізілуде, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Жетісайда 106 мың тоннадан астам мақта жиналды Фото: gov.kz

Ерте көктемнен егістік алқабында еңбек етіп, ақ алтынды мәпелеп өсірген аудан шаруалары үшін жиын-терім науқанының әрбір күні мен сағатын тиімді пайдалану аса маңызды.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов жұмыс жоспарына сәйкес мақталық алқаптарды аралап, ала жаздай таңның атысынан кештің батысына дейін алқаптарда тынымсыз еңбек етіп, еңбексүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан шаруалармен тілдесіп, жиын-терім науқанының барысын көрді.

Биылғы жылы ауданның 79,3 мың гектар суармалы жерінің 43,1 мың гектарына жергілікті және түрік, Қытай елдерінен әкелінген тұқымдық шит егіліп, қазірдің өзінде 41,9 мың гектар алқаптан 106 525 тонна ақ алтын жиналған. Науқанға 715 дана тракторлар мен 897 дана трактор тіркемелерін, 61 дана ОВХ мен 239 дана мақта терім машиналары жұмылдырылған.

Өткен жылы 41 мың гектарға мақта шитін сеуіп, 112 750 тонна ақ ұлпа жинаған жетісайлық шаруалар биыл 119,3 мың тонна өнім алуға ниетті. Өйткені, өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі аудан бойынша 5646 гектар жерге енгізілсе, оның 2600 гектары мақта дақылын өндірушілердің еншісінде.

Сонымен қатар, биылғы жылғы күзгі дала жұмыстарына бөлінген 1933,8 тонна жеңілдетілген дизель отынына 100 пайыз өтінім тапсырылған.

Аудан шаруалары шитті мақтадан бөлек 17 мың гектарға бақша, 3,3 мың гектарға көкөніс, 8,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,7 мың гектарға мал азықтық дақылдар мен 261 гектар жерге картоп егіп, 452,4 мың тонна бақша, 88,2 мың тонна көкөніс және 250 мың тонна мал азықтық дақылдарын жинаған.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу