Жетісайдан Ресейге қауынның алғашқы партиясы жөнелтілді

1161

Енді бірер күнде алғашқы қарбыздарын да экспорттауды бастамақ.

Жетісайдан Ресейге қауынның алғашқы партиясы жөнелтілді

Түркістан облысы Жетісай ауданының диқандары алғашқы 30 тонна бақша өнімін Ресейге жөнелтті. Диқан Ғабит Сабденов алдағы екі-үш күнде тағы да 90 тонна қауынды Мәскеу қаласының сауда орталықтарына жеткізбек, деп хабарлайды otyrar.kz.

Биыл 30 гектарға қауын еккен шаруа қожалығының жұмысымен Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев арнайы барып танысып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жетісайлық диқандар биыл егістік жұмыстарын ерте бастады. Аймақта 8 наурыз күні 30 гектар егістік алқапқа қауынның алғашқы 250 мың түп көшеті отырғызылған. Оның 15 гектарын – "F-1 Дакара", 15 гектарын "Аэропорт" сорты құрайды.

Енді бірер күнде жетісайлық диқандар алғашқы қарбыздарын Ресей еліне жөнелтуді жоспарлап отыр. Қазір сатып алушылар алқап басында арту жұмыстарына әзірлену үстінде.

Жалпы биыл Жетісай ауданында 15 мың гектардан астам жерге қауын-қарбыз егілген. Оның 8 мың гектардан астамын қауын құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу