Биыл Жетісу облысында тұрғын үй құрылысына 7,6 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 866 пәтер сатып алынды, оған 15,9 млрд теңге көзделген.
"Апатты тұрғын үй мәселелерін шешуге ерекше назар аударылады. 2023 жылдың басында облыста 348 пәтер апатты деп танылып, өткен жылы 1,3 млрд теңгеге 137 пәтер сатып алынды. Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 2,4 млрд теңгеге 155 жаңа пәтер алынды. Сондай-ақ, "Самұрық-Қазына ҰӘҚ" АҚ демеушілерінің есебінен 560 пәтерлік 9 үй салынып жатыр. Жалпы биыл 2 708 пәтер салынды және сатып алынды", – деді аймақ басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Өңірдің жол желісін дамыту үшін 41 млрд теңгеден астам қаражат бағытталғаны да айтылды. Бейбіт Исабаев облыстық маңызы бар 193 шақырым жол мен 54 елді мекеннің ішкі көшелері жөндеу жұмыстарымен қамтылғанын жеткізді.
Айта кету керек, осыған дейін Жетісу облысына биыл 2 млн-нан аса турист келгенін жазған болатынбыз.