Жетісу облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді

944

Оған сәйкес 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 1,7 трлн. теңгеден аспақ.  

Жетісу облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді Фото: gov.kz

Жетісу облыстық мәслихатының сессиясында өңірдің 2025 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді. Онда "Азаматтардың игілігі", "Өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз аймақ", "Қуатты экономика" атты 3 негізгі бағыт қамтылған, деп жазады inbusiness.kz облыстық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын толық іске асыру барысында 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 1,7 трлн. теңгеден асады. Өңдеу өнеркәсібінде облыстың аудан, қалаларында 30 жедел және инвестициялық жоба және "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА аумағында 24 жоба жүзеге асырылады деп көзделген.  

Жоспарға сәйкес, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоспары аясында 220-дан астам жоба қаржыландырылады. Атап айтқанда, 108 жоба субсидияланып, 88 жоба бойынша кепілдік беріліп, 25 жобаға грант берілмек.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы кеңейтіледі. Осылайша 2025 жылға қарай қант қызылшасы алқабының көлемі 12,2 мың гектарды құрап, сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникаларының саны 600-ден асады деп жоспарланған.  

"16 мың га суармалы жер айналымға енгізіліп, 30 мың гектардан астамы қайта қалпына келтіріледі. 4 жылда 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй, 827,6 км  инженерлік инфрақұрылым желілері салынады. Туризм саласында Туристендіру картасына енгізілген аумақтардағы жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Олар – Алакөл, Балқаш жағалаулары, "Алтынемел", "Жоңғар Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, Жоңғар Алатауының етегінде орналасқан Текелі тауы. Жалпы 2025 жылға дейін туризм саласына 79,1 млрд теңге инвестиция тартылып, туристер легі 2,4 млн адамнан асады деп межеленуде", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар облыстың даму жоспарына сәйкес, 25 жаңа мектеп салынбақ. Бұдан бөлек онда денсаулық сақтау, халықты орталық су жүйесімен қамтамасыз ету, газдандыру, қоғамдық орындарға бейнебақылау камерасын орнату және т.б. мәселелер қамтылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу