Жетісуда 30 жылдан бері жөнделмеген жолға асфальт төселді

445

Келесі жылы "Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік" жолының 145-ші учаскесіндегі Алмалы көпірі жаңғыртылады.

Жетісуда 30 жылдан бері жөнделмеген жолға асфальт төселді Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Жетісу облысында шалғайдағы Көпбірлік ауылына апаратын жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды.

Тәуелсіздік алғалы бері тас жолдың тауқыметін тартып келген ел облыс пен аудан орталығына енді тақтайдай тегіс асфальтпен баратын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік" жолының жалпы ұзындығы 176 шақырымды құрайды. Оның 137 шақырымы жөнделген. Қалған бөлігі қанағаттанарлық жағдайда, жүруге жарамды. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстары жалғасады.

"Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік" жолының барлық аталған учаскелеріне асфальт төселді. Жобаның құны 4,9 млрд теңгеден асады. Жол 3-санатты, жүру бөлігінің ені – 7 метр. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, жол жиегі нығайтылып, белгілер орнатылуда. Жұмыстар 10 қарашаға дейін бітеді. Жөндеу жұмыстары трассаның екінші және үшінші учаскелерінде де аяқталды. Бұл нысандар пайдалануға берілді", – дейді Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылғанын айтып, мердігер компанияның жұмысшыларына істі уақытылы аяқтағаны үшін ризашылығын жеткізді.

"Халықпен кездесу кезінде тұрғындар Көпбірлік ауылына баратын жолдың мәселесін көтерген болатын. Осыған байланысты жолды жөндеуге қатысты нақты шаралар қабылдадық. Қазір жол толық жөнделіп бітті. Бұл трассамен жүк көліктері көп жүрмейтіндіктен және жұмыс сапалы орындалғандықтан, жол кемінде 10 жыл қызмет етеді. Көпбірлік – шалғайда жатқан ауыл. Алдымен оның жолын жасадық, сосын ауыз су сапасын жақсарттық. Біздің бұдан әрі де шалғайдағы және шекаралық ауылдарды дамытуға бағытталған нақты жоспарларымыз бар", – деді ол.

Көпбірлік, Байшегір сынды шалғайдағы ауыл тұрғындары да көптен күткен жолдың құрылысы біткеніне дән риза.

"Өзім Байшегір ауылында тұрамын. 30 жыл көлемінде жолымыз жөндеу көрмеді. Біздің де, Көпбірлік ауылы тұрғындарының да жолдың сапасына көңіліміз толды. Қазір мен сияқты көлік жүргізушілері аудан орталығына 1 жарым сағатта жетеміз", – дейді Түтінтай Мүсәпіров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу