Жетісу облысында прокуратура араласуымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің құқықтары қорғалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру нәтижесінде суару суы үшін төлем есептеуде заң бұзушылықтар анықталып, фермерлерге негізсіз жүктелген қаржылық талаптар жойылды.
Атап айтқанда, "Қазсушар" РМК өңірлік филиалы тарапынан аграршылардан суару суы үшін 100 пайыз төлем талап етілгені белгілі болды. Алайда заңнамаға сәйкес мемлекет су шығындарының бір бөлігін субсидиялау арқылы қолдау көрсетеді.
Биылғы 68 млн теңге көлеміндегі субсидиялардың уақытылы төленбеуіне байланысты бұл сома шаруалардың берешегі ретінде қате есептелген. Соның салдарынан 1 147 шаруа қожалығына қосымша жүктеме түскен.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылып, фермерлердің құқықтары қалпына келтірілді. Бұрын негізсіз өндірілген 68 млн теңге қайтарылып, бір бөлігі 2026 жылғы суару маусымына төлем ретінде есепке алынды.