Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков пен "Орталық" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Нұрлан Мұхамедов Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен барып, 5575 әскери бөлімінің қызметімен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында олар әскери бөлімнің аумағын аралап, штаб ғимараты мен казармалардың құрылыс барысын және бөлімшенің материалдық-техникалық жағдайын тексерді.
Жұмыс сапарында жаңа әскери қалашықтың құрылысына ерекше назар аударылды. Бас қолбасшыға штаб ғимараты, казарма және басқа да инфрақұрылым нысандарының құрылысы туралы баяндалды.
Жаңа әскери кешен шамамен 50 офицерді, келісімшарт бойынша 160 әскери қызметкерді және 240 мерзімді қызмет сарбазын орналастыруға арналған. Нысан әскери қызметшілердің қызмет атқаруына және жеке құрамды даярлауға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков №62 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің периметрін күзететін Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жұмысымен танысты. Ол қызметтің ұйымдастырылуын, жауынгерлік кезекшілікті атқару жағдайларын көріп, жеке құраммен әңгімелесті.
Сапар қорытындысында әскери инфрақұрылымды жетілдіру, бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайту және әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыру мәселелері талқыланды.