Алматы халықаралық әуежайында Алматы-Астана бағытындағы FS 7057 рейсінің жолаушысы FlyArystan әуе компаниясының қызметкеріне шабуыл жасаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жолаушы рейске тіркеу орнына ұшуға небәрі 30 минут қалғанда келіп, тіркелу рәсімін сәтті аяқтап, тексеру аймағына өткен. Алайда, тексеруден кейін рейске үлгермей қалған.
Тіркеу аймағына қайта оралған жолаушы ұшуға бағыт көрсеткен қызметкерге тіл тигізіп, оның телефонын жерге лақтырып, артынша физикалық шабуыл жасаған.
FlyArystan баспасөз қызметі жолаушылар мен қызметкерлерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне, соның ішінде физикалық шабуыл, қорқыту және балағат сөздерге нөлдік төзімділік саясатын ұстанатынын мәлімдеді.
Шабуыл жасаған жолаушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
Әуе компаниясы қауіпсіздік саясаты шеңберінде жолаушыны қара тізімге енгізу құқығын қарастырады.
Міндеттер мен ескертулер: Рейске уақытында келу – әр жолаушының жеке жауапкершілігі. Компания барлық жолаушыларға басқаларға құрмет көрсету нормаларын сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.
FlyArystan қызметкерлерінің және басқа жолаушылардың қауіпсіздігі үшін компания тиісті шараларды қолға алады.