Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жасаған баяндамасына көңілі толмайтынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шынын айтқанда, министрдің баяндамасы мен Үкімет сағатына көңілім толмады. Министр Мәжілістің алдында емес, өзінің ұжымы алдында сөйлеп тұрғандай әсер қалдырды. Ешқандай да нақтылық жоқ, құр статистика. Сіздің есебіңізбен таныстым, нақты инвесторлардан Samsung, Kia және бірнеше неміс компанияларын шақырғансыздар. Демек біздің алдымызда мақтанатындай жағдайда да емессіздер. Ал сіздер біздің ұлттық экономикаға ақша құйған нақты қандай инвесторларды шақырғандарыңызды айту үшін келдіңіздер. Жай ғана инвестор емес, ең соңында халық қандай пайда алатынын айту үшін келдіңіздер. Қызметтің тұтынушысы – халық. Өнеркәсіпті құру арқылы қанша жұмыс орнын ашасыздар? Өнеркәсіпті не үшін ашасыздар? Мәжіліс алдында не үшін баяндама жасайсыздар? Сіздер халық осы зауыттарда жұмыс істесін деп келіп отырсыздар.
Бүгінгі айтқаныңыздан нақты бір логиканы көрген жоқпын. Мәселен, біз инвестор кім екенін де білмейміз. Қазір ерінбегеннің бәрі төмен пайызбен займ алып, ұлттық экономикаға қаржы құйып отыр. Бұл инвестор ма? Инвестор емес. Инвестор дегеніміз банктің немесе де басқа да қаржы институттарының емес, өзінің ақшасын салатын адам", - деді мәжілісмен.
Депутат министрдің айтқанынан елдегі өнеркәсіптің ахуалы нашар екенін түсінгенін жеткізді. Бұдан бөлек ол министрдің жауапкершілігі мәселесін көтеру қажеттілігі туралы айтты.
"Министр мырза, егер сіздің жүйкеңіз шыдамайтын болса, онда Парламентке келмеңіз. Парламентке депутаттардың алдында есеп беру үшін келдіңіз. Депутаттар дегеніміз халық. Сондықтан да егер де депутат ыңғайсыз сұрақ қоятын болса, ол сұраққа жауап беріңіз. Себебі халықтың алдында жауап беріп отырсыз", - деді Бақытжан Базарбек.
Айта кету керек, осыған дейін Мәжілістің тағы бір депутаты Өнеркәсіп және құрылыс министрін сынға алған болатын.