Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысында еліміздің бас педагогы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сүлейменованың сөзінше, мектеп директорларына барлығы 4 жыл ғана уақыт берілуі тиіс.
– Менің министр ретіндегі жеке ұстанымым, бір мектеп директорына бастапқыда екі жылдық мерзім берілуі қажет. Бұл екі оқу жылын қамтиды. Егер осы уақыт аралығында директордың жұмысы оң нәтиже көрсетсе, яғни мектептегі білім сапасы жақсарып, оқушылардың оқу жетістіктері жоғарыласа, қауіпсіздік талаптары сақталып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйелі түрде жолға қойылса, онда директорға тағы бір мерзімге тағайындалу мүмкіндігі беріледі. Осылайша, жалпы мерзім төрт жылды құрауы тиіс, – деді министр.
Сондай-ақ, Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдер тарапынан мектеп директорларының іс-әрекетіне қатысты шағымдар көп түсетінін жасырмады.
Бұған дейін мектеп директорының мұғалімдерден ақша жинап, құмар ойындарға бәс тіккенін жазған едік.