Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай Жамбыл облысында қандай іс-шаралар ұйымдастырылатынын, жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын inbusiness.kz тілшісі саралап көрді.
Жоспарға жұмыс берушілер, салалық басқармалар, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы белсенді өзара іс-қимылға ықпал ететін 50-ге жуық түрлі іс-шара енгізілген, олардың 23-і өңір үшін ауқымды және маңызды болмақ.
Сонымен қатар жоспарға сәйкес 220 орындық жатақхана құрылысын салу, 6 салалық (hub) кешен ашу, "1С" сертификаттау орталығын құру, 2 жаңа мамандық ашу, шетелдік білім беру ұйымының филиалын ашу жоспарланып отыр.
Өңірде 2024 жылы өнеркәсіп саласында белсенді дамып келе жатқан бағыттарды анықтау, облыстың еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашу, жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасы "Жаңа мамандықтардың атласы" жобасы іске қосылған. Жамбыл облысының жаңа мамандықтар атласы перспективалары салаларда пайда болатын жаңа, сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтарды жүйелеуге және талдауға арналған. Жоба өңірдегі бес сала бойынша нарыққа қажетті мамандықтардың тізімін анықтайды. Жобаның мақсаты – Жамбыл облысының кадрлық қамтамасыз етудің ағымдағы жүйесіне зерттеу жүргізу. Жамбыл облысының кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасын құру бойынша жүзеге асыру.
Жоба бірнеше кезеңді қамтиды. Бірінші кезең – алдын ала талдау, екінші – социологиялық зерттеу, үшінші – форсайт-сессияларды ұйымдастыру және өткізу, төртінші – кадрларды кәсіби даярлау жүйесіне кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасы кәсіптерін нақтылау, бесінші кезең – мектеп оқушыларының кәсіби диагностикасы.
"2025 жылға колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында №10 Шу, Қаратау құрылыс-техникалық колледждерінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама жасалынды.
Қаржы орталығы арқылы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіне 120 орындық студенттік жатақхана 2025 жылдың қыркүйегінде беріледі деп күтілуде.
2024-2025 оқу жылына 70 мамандыққа 7486 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Оның 455-іне кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысына студенттер қабылданды, яғни 109 жұмыс берушімен колледж арасында келісімшарт жасалынды.
13 жұмыс берушілер есебінен 9 колледжде 26 студент білім алуда.
2024 жылы 301 жұмыс берушілердің ұсыныстары мен пікірлері негізінде 468 білім беру бағдарламасының мазмұны өзектендіріледі.
Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша іс-шаралар жоспары мен олардың іске асырылу барысы тұрақты бақылауда", – дейді Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов.