Жұрт жүрдім-бардым жасалған жөндеуге наразы

639

Таразда 144 пәтер иесі баспаналарына  жөндеу жүрдім-бардым жасалды деп жыларман. Мұқым ел миллиондар ауаға кетті деп күдіктенеді. Өйткені едені кедір-бұдыр, қабырғалары шұрық-тесік, ал есіктері қисайып, әрең жабылады.

Жұрт жүрдім-бардым жасалған жөндеуге наразы Фото: Gov.kz

Жөндеуден соң мұндағы жұрт есік аша алмай қалған. Өйткені едені қисық жамалыпты. Кей сылақтар түсуге жақын. Қабырғаларда тесік көп. Әйтеуір өкпелі әлеумет жуырда ғана жөнделген үйдің ақауын тізіп әлек. 

Қос үйді ретке келтіру үсі былтыр тамыз айында басталған. Мердігер өткен жылдың желтоқсанында аяқтауы тиіс еді. Бірақ әлі бітпеген. Ал жұрт басы бар, аяғы жоқ жөндеудің енді ақысын төлетіп бастай ма деп алаңдайды. Өйткені келісім солай. 

Әңгіме былай. 144 пәтерлі қос баспана 2020 жылы "Нұрлы-жер" бағдарламасы аясында жөндеудің тізіміне енеді. Сөйтіп 80 млн тг қаралады.  Жөндеу біткен соң, құнын пайызсыз пәтер иелері 15 жыл ішінде қайтаруы міндет.Көпшілік келісім береді. Бірақ бұқара жұмыстың сапасыз боларын білмедік деп қапалы.  

Мұнда негізінен тұрмысы төмен я жалғызбасты жандар көп. 50 жылдан асқан ескі үйдің ақауы мен жыртығын өздері жамап шаршапты. Су құбырының өзін айқай-шумен әрең кіргізген. Қалалық әкімдік бөлімі мәселені мойындады. Бірақ алаңдауға негіз жоқ, дейді. Өйткені мердігердің кепілдік мерзімі бар екенін айтады.  

"Барлық кемшіліктерді көрдік, мердігерге уводемление жазғанбыз. Олар енді уәде берді", дейді Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің маманы Нұржан Бәкірбаев. 

Жұмысты жоғарыда аталған бөлім де, тұрғындардан құралған комиссия да әлі қабылдамаған. Жыл соңына дейін барлық кем-кетік түгенделіп, түзелмек. Үйдің сыртқы  сылағы да жағылады деді жауапты тарап. Айта кетейік, Таразда қазір 600-ден астам үй толық жаңартуды талап етеді. 

Нұрлан Асқар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу