Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет кулуарында елдегі қызылша ауруының өсуіне қатысты пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz.
"Қызылша ауруының өсуі көптеген елде байқалуда. Соның ішінде Қазақстан да бар. Биыл 2 мыңға жуық бала қызылшамен ауырды. Оның ішінде негізгі бөлігі екпе алмағандары екенін атап өту керек. Біріншіден, сырттан әкелінген қызылшаның жағдайлары тіркелді. Балалар көршілес елдерге демалуға барып, ауру жұқтырған", - деді ол тілшілердің сауалына берген жауабында.
Ажар Ғиният жыл басынан бері қызылшаның алғашқы жағдайлары елімізге Түркия, Ресей елдерінен әкелінгенін жеткізді.
Ведомство басшысының сөзінше, Астана қаласы ауру өсімі жоғары өңірлер көшін бастап тұр.
Айта кету керек, осыған дейін Астанада алты айда қызылшаның 117 жағдайы анықталғанын жазған болатынбыз.