Жыл сайын ақпаннан мамырға дейін азық-түлік бағасы қымбаттайды

693

Көлік-логистика жүйесінің тиімділігі төмен.

Жыл сайын ақпаннан мамырға дейін азық-түлік бағасы қымбаттайды

Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік  қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауар өткізу жүйесін құру мәселесі бойынша баяндама жасады. 

Министрдің мәлімдеуінше, ұзақмерзімді сақтау инфрақұрылымының жетіспеушілігі азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді шығынға ұшыратады. 

"Сауда-логистикалық инфрақұрылым нысандарының бір-бірімен дұрыс үйлестірілмеуі тұтынушыға жеткізілетін тауар жолын қиындатса, сауда инфрақұрылымының ескі форматы өнімді тиімді тарату мен бағаны тұрақтандыруға жол бермейді. Көлік-логистика жүйесінің құны қымбат және тиімділігі төмен. Бұл транзит мүмкіндігі мен экспорттық әлеуеттің толық ашылуына кедергі келтіреді", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің мәлімдеуінше, ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылады, алайда инфрақұрылым мен логистикадағы кемшілік және тауар айналымына қатысушылардың нақтыланбаған іс-қимылы бағаның өсуіне түрткі болады. 

"Еліміздің әрбір азаматы мұны маусымаралық кезеңде сезінеді. Жыл сайын ақпаннан мамырға дейін, егін қоры таусылып, көрші елдерден жаңа өнім келе бастағанда біз бағаның тұрақсыздығын байқаймыз. Бұл өз кезегінде инфляцияға теріс әсер етеді", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу