Қазақстандық шенеуніктер Ұлттық қор қаражатын өңірлердегі инфрақұрылымды жақсартуға бағытталатынын айтады.
Мысалы, ұлттық экономика министрінің айтуынша, ақша облыстарды дамытуға құйылған соң экономикалық өсім болады.
Сондай-ақ қор қаражаты мұнай өндірісі есебінен үздіксіз толықтырылып тұрады екен.
"Қазір Ұлттық қор тікелей өз қызметін атқарып жатыр. Яғни, ахуалды тұрақтандырып отыр. Сондықтан, біз осы мүмкіндікті пайдаландық. Себебі, біз де өңірлердегі мәселелерді реттеп, міндетімізді атқаруымыз қажет. Ал бюджет түсімі мен кірісін тұрақтандыру үшін екі жылдай уақыт керек. Осы 2-3 жылда жағдайды тұрақтандыруға тырысамыз. Осылайша, 2026-2027 жылдары Ұлттық қордан нысаналы трансферттер тартылмайды", – дейді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Шенеуніктер бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланғандықтан, Ұлттық қордан қаржы алуға мәжбүр екенін айтады. Яғни, қаражаттың 60%-ы денсаулық сақтау, жұмыспен қамту секілді секторларды қаржыландыруға, әлеуметтік төлемдерді өтеуге кетеді. Ал даму бюджеті 10%, яғни екі триллион теңге.
Мысалы, соңғы үш жылда республикалық бюджет шығыны 9 триллион теңгеге өскен. Себебі, жыл сайын шәкіртақы, зейнетақы секілді төлемдердің көлемі ұлғаяды. Ол қосымша шығынның мөлшері 1 тирллионға тең. Осы аралықтағы табыс 5 триллион теңгеге артқан. Қаржы министрі қор қаржысы дәл осы мәселені шешу үшін қажет болғанын айтады.