Жылу электр орталықтарын жаңғырту үшін инвесторлар қажет – Мәулен Әшімбаев

371

Себебі республикалық бюджет есебінен ЖЭО-ларды жаңғыртуға бөлінетін қаражат көлемі жеткіліксіз. 

Жылу электр орталықтарын жаңғырту үшін инвесторлар қажет – Мәулен Әшімбаев Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Тілшілер спикерден "Ресейліктер елімізде 3 жылу электр орталығын салатыны белгілі. Оның орнына Ресей тарапы келешекте АЭС салу бойынша келісімшарттар талап етпей ме?" деп сұрады.

Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясы Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін еске салды. 

"Бүгінгі таңда еліміздегі көкейкесті мәселелердің бірі – инфрақұрылымды жаңғырту. Былтыр қаңтар айында халықты жылумен, ыстық сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту бағытында күрделі мәселелер туындады. Бұл барлығына белгілі. Павлодар облысында ғана емес, басқа өңірлерде де осындай мәселе болды. Еліміздің облыстарында Кеңес заманында бой көтерген ЖЭО-лар ескіргендіктен, олар жаңғыртуды қажет етеді. Осы жылдар ішінде жаңғырту жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмеді. Оған тарифтердің төмен болуы себеп. Жылу электр орталықтарын басқарған субъектілер тарифтік саясатты өзгертпей, ЖЭО-ларға салынатын кез келген инвестиция өзін-өзі ақтамайтынын, шығынға ұшырайтынын айтады", - деді Сенат спикері. 

Бұдан бөлек ол "Инвестиция орнына тариф" бағдарламасы аясында елімізде барлық жылу электр орталығын, барлық инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыс басталғанын баса айтты.

"Бұл мемлекет тарапынан қомақты қаражатты талап етеді. Әрине, жыл сайын республикалық бюджет есебінен мүмкіндікке қарай осы бағытта қаржы бөлінеді. Бірақ бұл қаражат жеткіліксіз. Сондықтан да жылу электр орталықтарын жаңғырту үшін бізге инвесторлар қажет. Яғни, олар инвестиция құйып, кейіннен қалыпты режимде өзінің жұмсаған қаражатын қайтаратын болады. Республиканың барлық облысындағы, қаласындағы ЖЭО-ларды жаңғыртуымыз қажет. Егер де бірнеше ЖЭО-ға бірнеше инвестор  келіп, заңнамамызға сәйкес инвестиция құятын болса, жылу электр орталықтарын жаңғыртып, заманауи түрлерін салатын болса, онда мұндай бағыттағы бастаманы қолдау керек деп санаймын", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында.

Бұл ретте тарифтердің күрт көтерілмеуін, халықтың көрсетіліп жатқан қызметке қанағаттануын ескеру қажет, деді Сенат төрағасы.

Еске салайық, осыған дейін елімізде Ресейдің қатысуымен Көкшетау, Семей және Өскеменде жылу электр станцияларын салынатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу