"Елорданың дамуын тоқтату енді мүмкін емес"

9281

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың үш млн тұрғыны бар мегаполиске айналатынына сенеді.

"Елорданың дамуын тоқтату енді мүмкін емес"

Елбасы Астанада EXPO-2017 көрмесі кешенінің аумағындағы "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы" монументінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде елорда дамуының болашағы туралы айтты.

"Елордамыз дамып жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай, оны тоқтату енді мүмкін емес. Кезінде біз бұған көп қаражат жұмсап жатырмыз дейтінбіз, ал енді елорданың өзі мемлекет бюджетіне ауқымды қаражат, триллиондаған табыс әкеліп жатыр және өзі де дамып келеді, мемлекеттік бюджеттің толығуына да үлес қосты. Болашақта халық саны 3 млн-ға жететін Астана бізді ғана таңғалдырып қоймай, жалпы Еуразияның жұлдызына, ғылым мен мәдениеттің тоғысқан орталығына айналады. Адамдар осындай тыныш та жайлы қалада тұрады", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мәрмәр тастан салынған, биіктігі 70 метр монументтің Тәуелсіздіктің 25 жылдығының нышаны іспеттес 25 қыры бар.

"Ол Қазақстанымыздың әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге талпынысын көрсетеді. Монументтің EXPO-2017 көрмесі кешенінің аумағында салынуы бекер емес. Келесі жылы мұнда әлемнің әр түкпірінен миллиондаған турист ағылып келеді. Қонақтар Қазақстанның 25 жасқа толғанын осы бір ескерткішке қарап-ақ ұғады", – деп баса айтты елбасы.

Монументті "Базис-А" корпорациясы салды. Оның негізін салушы және басшысы Александр Белович нысанды тұрғызуға 3,5 ай уақыт кеткенін айтады.

"Желдің күшін 46 метр белгісінде ұстап тұру үшін жел күшіне тосқауыл қоятын арнайы қондырғы орнатылды. Монумент әлемдегі ең сапалы италиялық каррар мәрмәр тасынан жасалды", – дейді Александр Белович.

Монумент нобайының идеясы Алматылық Еділ Әлімбековтікі. Оның жобасы республикалық байқауға қатысқан 66 жұмыстың ішінен таңдап алынды. Бұдан бұрын бұл нысанның құрылысына 100 млн теңге бөлінетіні айтылған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу