Парламент Конституцияға түзетулерді қалай қабылдады?

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
15556

Азаматтар билік бағыты өзгере ме деп қауіптенді. Депутаттар президент жоғалтқан мүмкіндіктер үшін алаңдады.

Парламент Конституцияға түзетулерді қалай қабылдады? Фото: Мария Матвиенко

Жұма күні өткен бірлескен отырыста ел Конституциясына енгізілетін түзетулер жиынтығы қабылданды. Жаңа өзгерістердің мәнін түсіндіруге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келді. Ол осы талқылауды тарихи оқиға деп атап, ел азаматтарынан 6 мыңнан астам ұсыныс түскенін айтты. Ұсыныстың барлығы бірдей заң жобасына енгізілмесе де, әлі де кемшіліктер мен қиындықтар көп екенін байқатты. Бұл мәселелерді жоюға бағытталған жұмыс жалғасын табатынын президент қадап айтты.

Әзірге парламентке ұсынылған заң жобасына елдің Ата заңының 23 бабына өзгерістер енгізілді. Сонымен бірге президенттің тапсырмасымен үкімет президенттің 35 өкілеттігін үкіметке тапсыру туралы заңнама енгізілетін түзетулер жиынтығын әзірледі және жақын арада ол парламенттің қарауына беріледі.

"Бұл істің барлығы жаһандық және өңірлік сын-тегеуріндерге қарсы тұрып, озып шығуға бағытталған. Бұл бұған дейін Ата заңға енгізілген түзетулермен салыстырғанда әлдеқайда маңызды әрі ауқымды, сондықтан бұл еліміздің дамуының жаңа бетін ашатын тарихи шешім болып табылады. Ендігі кезде парламентке, үкімет пен барлық атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік артылады. Саяси реформа конституциялық реформаларды іске асыру  арқылы нақтыланады. Қазақстанның бірегей саяси үлгісі, яғни тұрақты президенттік билік сақталатыны сөзсіз. Сонымен қатар парламент пен үкіметтің өкілеттігі кеңейеді, олардың атқарар рөлі күшейеді. Өз тәжірибем бойынша айтарым, өз өкілеттігіңді тиімді пайдалана білу де – өнер. Осы жылдары ел ішінде де, шет елде де президенттік билік туралы көп нәрсе айтылды, алайда қазақстандықтар үшін, біздің халық үшін, ең керегі халықтың игілігі орындалса. Бұл ең басты және ең дұрыс жол", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол парламент рөлі кеңейтіліп, билік тармақтары күшейтілсе де "Конституцияға сәйкес президент жоғары мемлекеттік биліктің жүзеге асырушы" болып табылатынын еске салды. Талқылау барысын бақылай отырып елбасы "көптеген азамат бұл өзгерістер қазіргі билік тармақтарының әлсіреуіне әкелмей ме деп алаңдап, керісінше, елбасының рөлін күшейту туралы ұсыныс білдіргенін" айтты.

"Пікір білдірген барлық азаматқа шын жүректен алғыс білдіремін және олардың арасында сіздердің ұсыныстарыңыз болғанын білемін. Айта кеткім келеді, бұл реформа – аяқ асты қабылданған ұсыныс емес, ойланып-толғанып, бүгінгі күннің шындығын егжей-тегжейлі зерттеп қабылданған ойдың жемісі", – деді ол.

Президент ең көп дау тудырған норма – 26 бапқа ерекше тоқталды. Дәл осы түзету қоғамды әртүрлі ой тудырғанын ескеріп, ал "конституциялық реформаның өзі қоғамымызды біріктіруге бағытталғанын" есепке алып, президенттің ұсынысы бойынша аталған түзету заң жобасынан алынып тасталды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев бұл түзету не үшін керегін және енді не істеу қажеттігін тағы да түсіндіріп өтті: "Біз жекеменшік туралы сөз болғанда не туралы айтып отырғанымызды халыққа түсіндіруіміз керек, бұл міндетті түрде жер деген сөз емес. Адамда әр түрлі жеке меншігі болуы мүмкін: тұрғын үй, жер, жылжымалы, жылжымайтын мүлік. Меншік ұғымына барлығы кіреді.  "Әркім" десек, онда "Қазақстан азаматтары" қалады, мұнда "әркім". Мұны барлық заңды қауымдастықтар қолдады, себебі бұл елімізге тұрақты түрде инвестицияның түсуін, инвесторлардың сенімділігін қамтамасыз етеді. Бірақ біз асықпауымыз керек, бұл мәселеде ортақ шешім табуымыз керек, түсіндіру керек. Қалай болғанда да біз бұған келеміз, жер бойынша да, себебі иесі жоқ жер – ешкімнің жері емес. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру қабілетінен айрылады. "Иесі жоқ жер – жетім" деген сөздің мәнін түсінуіміз керек. Сондықтан бұл бапқа енгізілетін өзгерісті біз кейінірек қарастырамыз.  Республиканың барлық азаматы жекеменшігінде кез келген заңды жолмен алынған мүлікті иелене алады, алайда меншікке қол сұғылмайтыны Конституцияда қалады".

"Еліміздің болашағы үшін аса маңызды іс табысты жүзеге асырылатынына үлкен сенімділікпен заң жобасын парламентке ұсынамын. Енді парламент заңнамаларды қарастыру тәртібін өатаң сақтай отырып ашық және жария түрде бұл құжатты қарастыруға тиіс. Уақытты созбай, жобаны мемлекет мүддесі тұрғысынан қарайтындарыңызға сенімім мол. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін", – деп сөзін тәмамдады елбасы.

"Аса құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Біздің отырысқа қатысқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Депутаттар, парламент, сіздің конституциялық реформаға байланысты жаңа айтқан барлық ұсынысыңызды ескеріп, аса маңызды заң жобасын жоғары деңгейде қабылдайтынымызға сенімді болыңыз", – деп жауап берді мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Депуттарға заң жобасын президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков таныстырды. Түзетулердің бір тармағы парламент рөлін күшейтуге бағытталды. Оған сәйкес, премьер министрдің кандидатурасын президентке ұсыбас бұрын оны мәжіліспен талқылау керек.  Бұл тек президент өзі тікелей сайлайтын сыртқы істер және қорғаныс министрлігіне қатысты емес.

Үкімет жаңа сайланған президент емес, мәжіліс алдында міндетінен босатылады. Үкімет "өз қызметінде президент пен парламенталдында жауапты" делінген.

"Конституцияның 67 бабы 4 тармағының жаңа түзетілген мазмұнына сәйкес,  премьер-министр үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен маңызды шешімдері туралы президентке ғана емес, парламентке де баяндап отыруы тиіс. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі республика заңдарын орындамаған жағдайда палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы республика президентіне өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады", – деп түсіндірді Әділбек Жақсыбеков.

Мемлекеттік бағдарламаларды және бірыңғай қаржыландыру жүйесін және мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық органдардағы жұмыскерлердің еңбекақысын бекіту жөніндегі өкілеттіктер президенттен үкіметке беріледі.

Үкімет және премьер-министр актілерінің күшін жояды не қолданылуын тоқтата тұрады деген президенттің құқығы алынып тасталды, бірақ президент "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау үшін Конституциялық Кеңеске үндеу жолдай алады". Сонымен қатар үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар "институт ретінде" таратылады.

Сондай-ақ президент мәжіліске заң жобасын енгізу туралы үкіметке тапсырма беру өкілеттігінен айрылады. Бірақ президент заңнамалық бастама жасауға: заңды күші бар заңдар мен жарлықтар шығаруға құқылы. Президент заң жобасын қарастыруды шұғыл деп жариялау құқығынан айрылады. Бұл ретте айта кету керек, президентте заң жобасын қарастыруда басымдылық беру құқығы қалады, яғни, ол  бірінші кезекте екі ай ішінде қарастырылуға тиіс жобаны анықтай алады.

Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының жұмысы да өзгеріске ұшырады. Осылайша, республика президенті премьер-министрмен және парламент палаталарының төрағаларымен кеңесуден кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады. Яғни, мұндай шешім қабылдау рәсімі әлдеқайда демократиялы болады деген сөз", – деп түсіндірді Әділбек Жақсыбеков.

Сондай-ақ  түзетулерде "Конституциялық тәртіп негіздерін қорғау механизмдері күшейтіледі, біздің тәуелсіздігіміздің тұрақтылығының кепілі конституциялық деңгейде нығайтылады".

"Конституцияның 91 бабында Ата заңда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, басқару нысаны өзгертуге болмайтыны нақты  жазылған. Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, олардың белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болғанда, республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады. Аталған мәселе бойынша үндеу жасау субъектісі ретінде мемлекет басшысын белгілеу ұсынылады" –деп түсіндірді президент әкімшілгінің басшысы.

Заң жобасын талқылай отырып, депутаттар кейбір күдігін ортаға салды. Мысалға, Азат Перуашев  президент әр жылдары үш мәрте бизнесті тексеруге мораторий жариялағанын еске салды, бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болды.

"Президенттің мораторий жариялау құқығы сақтала ма? Ол қандай нормалар негізінде іске асырылады? – деп сұрады ол.

Президенттің мұндай құқығы сақталады. Конституцияның 45-бабы, 1 тармағына сәйкес, республика президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн елдің бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады. Сіз атаған мораторийлер дәл осы жарлықтар негізінде белгіленеді", – деп көңілін жайландырды әкімшілік басшысы.

Еліміздің Ата заңын жетілдіру бойынша депутаттардың да ұсынысы бар болып шықты. Бақтықожа Ізмұхамбетов президент лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарды түзету қажет деп есептейді (және қалғандар да оны қолдады).

"Конституцияның 41-бабында президент лауазымына үміткерге қойылатын лауазымдық талаптар арасында жоғары білімі туралы талаптың болмауы ақылға қонымсыз. Мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысы үшін де жоғары білімнің болуы талап етіледі, ал елді басқаратын президент үміткерлеріне қойылатын талаптың ішінде ол жоқ. Сондықтан президент үміткеріне қойылатын негізгі талаптардың ішіне жоғары білімнің болуы туралы өзгеріс енгізу  қажет. Бұл болашақта болуы мүмкін түсінбестіктің алдын алады деуге болады", – деп мәлімдеді ол.

Не дегенмен, депутаттар барлық түзетулерді біраз уақыттан кейін екінші оқылымда жан-жақты талқылайтын болады. Бұл жұмысты олар сенбі және жексенбі күндері орындамақ. Парламент палаталарының ендігі бірлескен отырысы дүйсенбі, 6 наурызда өтеді.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу