Омбудсмен институты бірден 8,6 есеге "ұлғаятын" болды

1916

Қоғам белсендісі Президенттің ұстанымына қайшы мәлімдеме жасаған Адам құқықтары жөніндегі уәкілді жауапкершілікке тартуды сұрады.  

Омбудсмен институты бірден 8,6 есеге "ұлғаятын" болды

"Үнсіз" институт алпауыт құрылымдармен теңеспек

Қазақстанда қоғамдық пікірден, талқылаудан үнемі тысқары жүретін, елеусіз ғана мекеме бар. Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты деп аталады. Қанша аяусыз сынға қалып, тоқтаусыз тоқпақ жесе де, балалар омбудсмені жайында ел азды-кем біледі. Бизнес омбудсмен де белсенді жұмыс істеп, кәсіпкерлерді қорғауға күш салып жүр. Ал адам омбудсменінің не бітіріп, не іс тындырғанынан ел хабарсыз.

Аталған институттың төл ресми сайтында соңғы жаңалықтар ретінде "30 тамыз – ҚР Конституция күні!" деген құттықтау және 29 тамызда "Жамбыл облысындағы қайғылы оқиға: қаза тапқандардың жақындарының қайғыларына ортақпыз" деген қазанама ғана тұр.

Яғни, біраздан бері елде адам құқықтарын қорғауды талап ететін еш оқиға, ірі түйткіл болмаған ба дерсіз.

Осы орайда қоғамдық талқылауға "қызықты" құжат шығарылды. Мәртебесі – Мемлекет басшысы Жарлығының жобасы. "Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын күшейту мәселелері бойынша Қазақстан Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" деп аталады.

Жобаның елең еткізерлік жаңалығы бар. Атап өтетін жайт, қазіргі кезде мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда Президент тапсырмасы бойынша жаппай қысқарту жүруде. Биыл мемаппарат та, ұлттық компаниялар мен мемкәсіпорындар да өз штатын 15 пайызға күрт азайтуы керек. Былтыр 10 пайызға оңтайландырған. Нәтижесінде тіпті білікті жас мамандардың мансап жолын да "қысқарту қайшысы" қиып түсіп жатқан көрінеді.

Осы тұрғыда жалғыз бір мемлекеттік ұйым осы науқаннан тыс қалмақ түгіл, ұлғаю жөнінен рекорд жасамақ: адам омбудсменінің штаты бірден 8,6 есе артқалы тұр.

"Жарлық жобасымен өңірлік өкілдіктерін қоса алғанда, омбудсмен аппаратының штат санын қазіргі 12-ден алда 104-ке дейін ұлғайту жоспарланған. Бұдан бөлек, омбудсменнің орталық аппараты қызметкерлерінің лауазымдарын "В" санаты, өңірлік өкілдіктерін – "С" санаты деңгейінде айқындау көзделеді", – деген түсініктеме берді жобаға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова.  

Оның сендіруінше, бұл ел басшылығы қойған міндетті жүзеге асыру үшін қажет көрінеді: ел Президенті 2021 жылғы 15 қаңтарда, VII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында омбудсмен аппаратын институционалдық және ұйымдастырушылық нығайту және оның өңірлік өкілдіктерін құру қажеттігі туралы тапсырма беріпті.

Құжатқа сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы "Мемлекеттік әкімшілік лауазымдар" тізіміндегі "Б" корпусына, соның ішінде B санаттарының тобына кірмек.

Яғни, Жарлық шықса, осы орталық Сенат, Мәжіліс аппараттарымен, Президенттің Іс басқармасымен, Премьер-Министрдің Кеңсесімен, Жоғарғы соттың, Конституциялық кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының аппаратымен, Есеп комитетімен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Бас прокуратурамен, Қаржылық мониторинг агенттігімен теңеседі.

Ұлтаралық тіл мәртебесін Әзімова "бекітіп қойған" ба?

Осы күнгейде көп көзге түсе бермейтін ұйымның өзі хайпқа ермей тұра алмапты. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова еліміздегі Ресей билігі қаржыландыратын ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, тілге қатысты ойын айтқан. Онда орыс тілді ортада мемлекеттік тілде қызмет ала алмай жүрген қандастарымызды қорғамаған. Оның орнына Э.Әзімова "Тіл патрулдері" деп аталған азаматтар шоғырының әрекетіне қатысты Бас прокуратураға шағымданғанын хабарлады. Мұндай шараларды ол "тіл нышанына қарай адам құқығын ең өрескел бұзу" деп бағалады.

"Бірінші даусыз заңгерлік факт: мемлекеттік тіл мәртебесі қазақ тіліне бекітілген. Екінші даусыз заңгерлік факт – ұлтаралық қатынасқа арналған ресми тіл мәртебесі орыс тіліне бекітілген", – деді Эльвира Әзімова.

Дегенмен, бірқатар заңгерлер біріншіден, "ресми тіл" мәртебесі еліміздің заңнамасында бекітілмегеніне назар аударып жүр. Конституцияда да "ресми тіл" деген ұғым жоқ. Ата заңның 7-бабында "1.Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп қана жазылған.

Екіншіден, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында: "Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді" деп мәлімдеді.

Демек, адам омбудсменінің: "даусыз заңгерлік факт – ұлтаралық қатынасқа арналған ресми тіл мәртебесі орыс тіліне бекітілген" дегені рас болса, Мемлекет басшысы ұлтаралық тіл ретінде қазақ тілін ұсыну арқылы заң бұзғалы тұр ма? Заң бұзбайды. Себебі, ұлтаралық қатынас тілі деген термин де жоқ. Ол мәртебе Конституцияда да, заңнамада да ешбір тілге бекітілмеген.

Мұны университетті халықаралық заңгер мамандығы бойынша бітірген, ғұмыр бойы заң саласында істеп келе жатқан, омбудсмен болғанға дейін, яғни 2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін Әділет вице-министрі болған адам жақсы білуге тиіс еді.

Қоғам белсендісі, құқықтанушы, тіл жанашыры Жандос Өстемір мұндай мәлімдемесі үшін омбудсменге шара қабылдауды сұрап, Үкімет мүшелеріне өтініш жолдады.

"Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова кімнің құқығын қорғап жүр және осы лауазымға лайық па? 20 жылдан астам уақыт Әділет министрлігінде істеген, вице-министр болған екен. Ал енді заңгер бола тұра, биылғы 21 тамызда Sputnik Қазақстан порталына берген сұхбатында айтқан сөзі мынау: "Нақты заңдық факт – орыс тілі ұлтаралық қатынастың ресми тілі...". Мен Әзімова сияқты "мықты заңгер" емеспін, бірақ құқықтану маманы, Конституциялық құқықтан экс-мұғалім, Қазақстан азаматы ретінде оның бұл айтқанын өтірік деп дөп басып айта аламын", – деді Ж.Өстемір.

Неге?

"Өйткені Конституцияға сәйкес, орыс тілі тек мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қатар қолданылатыны айтылған. Демек, мынадай орынды сұрақтарға жауап беруді және заңнамада белгіленген қажетті шараларды қолдануды талап етемін: 1) Әзімова Әділет министрлігінде "осындай" заңгерлік біліктілігімен қалай жұмысқа тұрып, вице-министр болып істеген? 2) Омбудсмен ретінде қандай адамдардың құқықтарын қорғап жүр және ол адамдарға қазақтар жатпайды ма? 3) Сонда Әзімова Президент Тоқаевтың "Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болады" деген және мемлекеттік тілді игеру патриотизмнің басты белгісі деген пікірімен келіспей ме? 4) Жалғыз мемлекеттік тіл – қазақ тілінде қызмет көрсетпеу кемсітуге жатпайды ма? Әлде Әзімованың ойынша, тек орыс тілділер ғана дискриминация туралы айта ала ма?!" – деді құқықтанушы Ж.Өстемір.

Ол Үкімет мүшелерінен Қазақстан заңнамасына сәйкес Әзімоваға тиісті шаралар қолдануды сұрады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу