"Китайканың" Қазақ елінде балық қыруына тыйым салынды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3674

Қытай торынан әр екі минут сайын бір жануар өледі, оған, тіпті, жердегі аң да, көктегі құс та ілінеді.

"Китайканың" Қазақ елінде балық қыруына тыйым салынды Фото: blogspot.com

Қазақстанда табиғаттың төл қазыналарын – флора мен фаунаны қорғау күшейтілуі тиіс. Бұл – ЮНЕСКО жаһандық ұйымының қойған талабы еді. Ел Үкіметінің бұл талапты орындауға енді ғана мойны жар беріп отыр.

Астанадағы және басқа қалалардағы аң және балық аулауға арналған құралдар сататын бірнеше дүкенде "Біз қытайлық торға қарсымыз!" деген жазуларды оқуға болады. Енді мемлекет осы қоғамдық қозғалысты арнайы заңмен қолдап отыр. 7 желтоқсанда өткен жалпы отырыста Парламенттің Төменгі палатасы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол аса қауіпті, тіпті, көлдегі бар балықты жойып жіберуге қауқарлы қытайдың балық аулайтын торларын, олар ел арасында "китайка" деп аталады, қазақ елінде пайдалануға тыйым салады.

Депутаттарға құжатты таныстырған үкімет басшысының орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, заң негізгі үш бағытта, дәлірек айтсақ, өсімдіктер дүниесіне, жануарлар дүниесіне және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты бірқатар жаңалық енгізгелі отыр.

Мысалы, осы заң жобасы қолданыстағы "Сауда қызметін реттеу туралы" заңына "балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауға заңнамада қарастырылмаған құралдарды (қытайдың балық торын) сатуға тыйыммен" толықтырылды.

Эколог мамандардың айтуынша, балық торының қоршаған ортаға келтірер зияны мол. Өйткені, бұл торға түспейтіні жоқ. Олардың айтуынша, шамамен әр екі минут сайын торда бір жануар өледі. Және оның бәрі тек су асты жануары ғана емес, арасында құс та бар. Мамандардың қытайдың балық торына шағымы көп. Біріншіден, қытай торының сапасы төмен, улы материалдардан жасалады. Екіншіден, өте арзан. Сондықтан, балықшылар бір реттік пайдаланатын бұйым сияқты торды өзен-көлде жиі қалдырып кетеді. Бұл әсіресе, балық әлеміне уылдырық шашар кезде алапат нұқсан келтіреді. Бұған браконьерлерден және су қоймаларынан алынатын шақырым-шақырым тор куә.

"Үшіншіден, көздері ұсақ болғандықтан, бұл торға су астындағы әлемді мекендеушілердің бәрі түседі. Бұл жерде тағы бір проблема бар. Құрғақшылық жылдарында көптеген ірі өзен-көлде су деңгейі төмендеп, иесіз қалған торлар су бетіне шығады. Сөйтіп, оған суда жүзетін құстар да көп маталады. Су жануарлары мен құстардың жаппай қырылып, су қоймалары ластанады, ішуге жарамсыз болып қалады", – дейді ABCTV-ге берген сұхбатында жас эколог Егор Резник.

ABCTV порталы әңгімеге тартқан тәжірибелі балықшы Хайдар атай да өз құпиясымен бөлісіп, мұндай торға түскен балықты әр адам өз бетінше анықтай алатынын айтты. "Ол еш қиындық тудырмайды. Егер саудаға қойылған балықты қолға алып, аударыстырып қарасаңыз, оның денесі әр жерде тілінгенін, қан аққанын көресіз: балықты тордың қылдай ұсақ жібі тіліп, қиналып жантәсілім етеді", – дейді ол.

Балық пен басқа да жануарларды қынадай қыратын браконьерді ұстау түгіл, табу қиын. Олар навигатор және басқа да озық техникалармен жақсы жабдықталған, бәрінің мінгені – жол талғамайтын көлік. Бұған қоса, қызметкері аз құзырлы органға ұлан-байтақ жеріміздегі өзен айдындарын бақылауда ұстау мүмкін емес. Сондықтан, ең дұрыс жолы – тордың сатылуына тыйым салу.

Дегенмен, балық аулап, оны сатып, өз отбасын асырап отырған азаматтар жетерлік. Оларды "кәсіп пен нәсіпсіз" тастамау үшін Үкімет шамалы жеңілдік жасауға барып отыр. Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов әуесқой балық аулаушыларға рұқсат етілмеген су тоғандарында адам басына 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат екенін жариялады. Егер мәселен, өзен-көлден он келі алып қайтқысы келсе, туыс-таныстарын ертіп апаруына болады. Мұндай рұқсат Мәжіліс мақұлдаған жаңа заң жобасында қарастырылған.

"Әуесқой балық аулаушылардың рұқсат етілмеген су қоймаларында балық аулауы маңызды мәселе. Бір жағынан бұл су айдындарының маңында тіршілік ететін, негізгі азығы балық болып отырған азаматтардың мүддесін қамтиды", – дейді Асқар Мырзахметов.

Сондай-ақ, қалада тұратын, басқа жұмысы бар, бірақ, қол боста табиғатқа шығып, жақын маңдағы су қоймасында балық аулауға көңілі құмар азаматтар да еркін елдің тұрғыны ретінде бұл мүдде-қызығушылығын жүзеге асыру мүмкіндігінен айрылмауы қажет.

Вице-премьердің айтуынша, жеке кәсіпкерлік субъектісі саналатын суды пайдаланушылар да мұндай азаматтарға балық көлемі үшін қаржы төлеген жағдайда, белгілі бір жолдамалар беруге құқылы. Астананың маңында, мәселен, "Токсумак" секілді шаруашылықтар елордалықтар мен қала қонақтарын жазда және қыста балық аулауға шақырады.

Асқар Мырзахметов бұл азаматтардың өз аумақтарына заңсыз кіретін браконьерлермен күресуге де құқы бар екеніне назар аударды.

"Себебі, олар мемлекет алдында өз мойындарына алған келісімшарт міндеттемелерін орындауға да ақша шығарады. Сондықтан, бұл мәселеге түсіністікпен қарау керек", – дейді вице-премьер.

Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік азаматтарды су қоймаларының маңындағы елді мекендердің тұрғындарымен ынтымақтастықта болып, олардың мұң-мұқтажына атсалысуға шақырады. Кей пайдаланушылар тұрғындарға, тіпті, тегін жолдамалар таратып, жекелеген тұлғаларға балық аулауға рұқсат береді.

"Ал уәкілетті орган бекіткен су тоғандарында әуесқой балық аулаушыларға 5 келіге дейін тегін және бұл үшін рұқсат алу керек емес", – дейді Асқар Мырзахметов.

Ол жаңа заңдағы басқа да жаңалықтар жайын айтып берді. Мәселен, Қазақстанда фермерлік аң аулау шаруашылықтарында ату үшін жабайы аңдарды өсіру жоспарланып отыр.

"Заң жобасында өсімдіктер және жануарлар дүниесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында мынадай нормалар көзделеді. Біріншіден, Орман кодексіне қызыл кітапқа енгізілген өсімдікті жинау көлемін бекіту жөнінде үкіметке құзырет беру керек. бұл өсімдіктерді тек ғылым үшін және көбейту мақсатында жинауға рұқсат. Бұл шара өсімдіктердің сирек және жойылып бара жатқан түрлерінің айналымын реттеуге мүмкіндік береді", – дейді үкімет жетекшісінің орынбасары.

Екіншіден, кодекске енгізілетін норма уәкілетті органға орман заңнамасын бұзғандарды ұстау кезінде құжаттардың үлгісін бекіту жөнінде құзырет береді. Бұл орман қорғаушыларға жедел шара қолдануға мүмкіндік береді. Түсіндіре кетейік, 2014 жылға дейін бұл құжаттардың формалары Үкімет қаулысымен бекітіліп келген. Алайда, әкімшілік реформа кезінде билік деңгейлері арасында функциялар қайта бөлінді де, құқықтық олқылық туындады. Бұл құзырет Үкіметтің функцияларынан алып тасталған, бірақ, уәкілетті орган құзырына енгізілмей қалған. Бұл жөнсіздік жойылғалы отыр.

Дәл осы мәселе "жануарлар санын реттеу тәртібін бекіту құзыретіне" де қатысты, ол да Үкіметтен алынған, бірақ, жануарлар дүниесі саласындағы уәкілетті органға берілмеген екен.

"Үшіншіден, аңшылық шаруашылығының басты түрі – жабайы аң-құс өсіруді дамыту мақсатында "Жануарлар дүниесін қорғау туралы" заңға "фермерлік аңшылық шаруашылығы" түсінігін енгізу. Бұл шаруашылықтар – жануарларды қолдан өсірумен айналысатын интенсивті аңшылық шаруашылығы", – дейді вице-премьер.

Яғни, олар өсірген аңдар, төрт түлік мал секілді, солардың жеке меншігі болмақ. Ал оларды атқыза ма, сойғыза ма, ол – иесінің өз ісі болмақ.

"Осы бағыттағы жұмыстарды қолдау мақсатында аңшылық шаруашылықтары үшін, олардың өсірген жануарларды пайдалану тәртібі мен мерзімін өздерінің анықтау құқығын беру қарастырылады", – дейді Асқар Мырзахметов.

Оның айтуынша, бұған дейін аңшылық шаруашылықтары өздері өсірген аңдарды өз бетінше пайдалану құқығына заң жүзінде ие болмаған. Қазір бұл құқық аңшылық шаруашылықтарды дамыту үшін беріліп отырған көрінеді.

Жаңа заңдағы тағы бір норма "тұтқында" өскен балықтарға қатысты. Әрине, жануарлардан айырмашылығы, бұл балықтардан не істеймін десе де, иесіне ешкім "қой!" демейтін. Сонда жаңалық неде?

"Тауарлы балық өсіруді дамыту үшін "тауарлы балық" және "шарбақтық балық" өсіру шаруашылығы ұғымдары енгізіледі. Және осыған байланысты уәкілетті органға табиғи су айдындарын балық өсіру мақсатында пайдалану тәртібін бекіту жөнінде құзырет беріледі", – дейді вице-премьер.

Қолданыстағы заңнамада мұндай ұғымдар жоқ. Алғаш рет айналымға еніп отыр. Депутаттар бұл, негізінен, Каспий жағалауында бекіре өсіруді дамыту және Қазақстанның орталық және солтүстік облыстарындағы қаптаған ұсақ көлдерде "көлдік-тауарлық балық шаруашылығын" өркендету үшін жасалғандығын нақтылайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл заңнамалық өзгерістер Қазақстандағы суқоймаларын жекелеген балық шаруашылықтары атына бекітудің тәртібі мен критерилері туралы заңдық актілерді бекітуге мүмкіндік беретінін хабарлады. Сонымен бірге, дәл қандай көлде қандай балық түрін өсіруге болатыны да нақты айқындалатын көрінеді.

Министр ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруға жұртшылықты тарту мақсатында табиғат қорғау мекемелерінің жанынан үйлестіру кеңесін құру туралы нормалар қабылдауды ұсынды.

"Үйлестіру кеңесі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылмақ. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың, ардагерлер кеңесі мен бизнес құрылымдарының және табиғат саласындағы мекемелердің өкілдері кіреді", – дейді Асқар Мырзахметов.

Бұл кеңес өкілетті орган бекіткен типтік ереже негізінде құрылады. Яғни, үйлестіру кеңесі – консультативтік-кеңестік және бақылау органы болмақ. Оның ұсынымдары табиғат қорғау мекемелерінің әралуан шараларды жоспарлауы барысында ескеріледі.

Сонымен бірге, жаңа заң экологиялық туризмнің дамуын тежеп отырған әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталады.

"Ұлттық парктердің аумағында экологиялық туризмді дамыту және әкімшілік тосқауылдарды жою үшін турагенттер – жеке және заңды тұлғалардың алдымен лицензиялар алуына қатысты талапты алып тастау ұсынылып отыр", – дейді АШМ министрі.

Оның айтуынша, депутаттардың осы заңға бірқатар түзетуі қосымша шығынды қажет ететіндіктен, республикалық бюджеттік комиссияда қаралған және ақыры ішінара қолдау тапқан. Дәлірек айтсақ, орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 25% көбейтуге үкімет келісім берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу