"Нұрлы жер" арзан ақшаға зәру

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
15179

Қолжетімді және ұзақ мерзімді несиесіз тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы бизнес пен халық үшін тиімсіз болады.

"Нұрлы жер" арзан ақшаға зәру

Бұл негізгі мәселе, оның оң нәтижесі болғанда ғана мына басты үш міндет жүзеге асады: тұрғын үйге көпшіліктің қолы жетеді, құрылыс және онымен байланысты салаларды дамытуға серпін береді, ел экономикасын өркендетуге үлес қосады. Несиелеуге мемлекет қаражатын құр текке жұмсау және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қас пен көздің арасында тұрғын үйдің бағасын шарықтатып жібереді, салдарынан құрылыс секторының мәселелері ушыға түседі.

"Қазақстандық өнеркәсіпті дамыту институты" АҚ (ҚИДИ) Басқармасының төрағасы Айдын Күлсейітов Астанада өткен Sarap Time сарапшылар клубының отырысында осындай ойымен бөлісті.

 Ол мемлекеттік бағдарламаның дайын тұжырымдамасымен танысқанын және оның қазіргі күйінде көптеген сұраққа жауап бермейтінін айтты. "Тұжырымдаманы оқи отырып, мен оның ең басты мақсаты не екенін түсінген жоқпын. Ондағы бар ақпарға сүйенсек, бағдарламаның мақсаты 1,5 миллион тұрғын үй салу сияқты", Айдын Күлсейітов.

"Нұрлы жол" бағдарламасын әзірлеген кезде, кез-келген басқа бағдарлама сияқты, мемлекеттік қолдау тетігін бір ғана салаға пайдалану жеткіліксіз деп санайды ҚИДИ басшысы. Оған құрылыс саласынан асып шығатын іс-шаралардың кешені қажет.

"Арзан" ақша

Айдын Күлсейітовтің айтуынша, егер мемлекет қаржысы экономикаға "арзан" несие ретінде құйылса, жаңа "Нұрлы жер" бағдарламасы  экономикаға "Нұрлы жолдан" да артық әсер етер еді.

Құрылыс салушыларды да, халықты да ипотекалық қарыз ретінде жылына 7%-дық мөлшерлемеде несиелеу (бұл "Нұрлы жол" бағдарламасында көзделген, оны 7% мемлекет қаражаты есебінен субсидиялау жоспарланған) "арзан" қаржыландыру емес дейді ол.

"Жылдық өсімі 7-8%-ды құрайтын теңгелік несиені 3-5 жылға беру мәселені шешпейді, керісінше, банк секторы мен өнім өндірушілерді қарыздың қыспағына тығады. Сондықтан 10-15 жылға берілетін 1-2%-дық арзан ақша көздерін табуға назар аударған жөн. Мұндай көздер бар. Бірақ ол мәселе Ұлттық банк саясатына тіреліп тұр. Ал әрі қарай саяси шешімдер қабылдау керек", – дейді ҚИДИ басшысы.

Алайда, дейді Айдын Күлсейітов, экономика айналымындағы ақша көлемін реттеу арқылы инфляцияны ауыздықтап отырған Ұлттық банктің қазіргі ақша-несие саясаты тұсында мұндай шешім қабылдау мүмкін емес.

Оның айтуынша, Қазақстандағы  инфляция теңгеде емес және оны қазіргі дағдарыс кезінде шектеу мүлде тиімсіз. Өз айтқандарына ол былай деп дәлелдер келтіреді: "Бүкіләлемдік банк деректерінің негізінде біз кішігірім талдау жасадық. Қазақстанда инфляция деңгейі мен ақша жиыны арасындағы өзара байланыс бар-жоғы 0,04% болып шықты. Яғни, Қазақстандағы ақша жиынының өсуі немесе құлдырауы және құнсыздану деңгейі арасында өзара байланыс мүлде жоқ. Басқа елдердегі жағдайларды да қарап көрдік: Ресейде өзара байланыс коэффициенті минусты көрсетеді. Бұл Ресей экономикасында ақша жиыны қаншалықты көп болса, құнсыздану соғұрлым төмен болады дегенді білдіреді. Аустралия жайлы да осылай деуге болады – ақша жиыны мен құнсыздану арасындағы өзара ықпал – минус 0,5. Көптеген жағдайда – экономикаға неғұрлым көп ақша салынған жағдайда тауарлар пайда болып, кәсіпкерлер жұмысы жанданып, импорттың орнын алмастырып, экспортқа тауар шығару есебінен құнсыздану деңгейі соғұрлым төмен болады. Осының барлығының есебінен құнсыздану деңгейі түсе бастайды. (...) Қашанда ақша жиыны өскен сайын экономика да дами бастайды. Сондықтан мен "Нұрлы жол" бағдарламасы экономиканы ынталандырып, кезеңдік саясаттың бір көрінісі болуы үшін ақша жиынының тамаша таратушысы бола алады деп ойлаймын".

 Бизнеске несие беру және ипотекалық қарыз бойынша %-дық мөлшерлемені субсидиялауға мемлекет қаражатын бөлу, оның атап көрсетуінше, ең алдымен, екінші деңгейлі банктерге көрсетілген көмек. "Субсидиялардың проблемасы неде? Олар, біріншіден, объектінің нарықтық құнын бұрмалап көрсетеді. Екіншіден, өндірушіге және тұрғын үйді сатып алушыға емес, қаржы секторына көмек көрсетеді. Үшіншіден, бүгін субсидия бар, ал ертең жағдай нашарлап ол болмайды, арғы күні қайта пайда болуы мүмкін. Яғни, жыл сайын бөлінетін субсидиялардың тұрақсыздығы. Бұған қоса әкімшіліктендіру бойынша үнемі сұрақтар туып жатады: мынаған – берем, ал анаған – бермеймін деген сияқты. Несиелеу мөлшерлемесі басынан бастап төмен болуы керек".

ҚИДИ басшысы Қазақстан экономикасының жеткілікті деңгейде несиеленбегендігін көрсететін мәліметтермен бөлісті: "Біз несиелеу деңгейіне талдау жасау үшін бенчмарк ретінде Ресей, Аустралия, Әзербайжан, Беларусь сияқты төрт елді алдық. 2008 жылдың өзінде-ақ біз экономиканы несиелеудің деңгейі бойынша Аустралиядан кейін екінші орында болатынбыз. Аустралияда экономикаға несие бөлу деңгейі жалпы ішкі өнімнен (ЖІӨ) 100%-дан да асады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, бізде бұл көрсеткіш 38%  шамасында, 2008 жылы – 49%, яғни ЖІӨ-нің жартысы несиелеуге жататын. Біз бұл деңгей бойынша Бразиялиядан озық тұратынбыз – оларда 46%, Ресейде - 42%, Әзербайжанда - 16%. Бүгін барлық ел бұл деңгейді көтерді, ал Қазақстанда 37%-ға дейін төмендеп кетті. Біз осы бестіктің ішінде ЖІӨ-ге қатысты несиелеу деңгейі бойынша соңғы орынға жайғастық.

Арзандатуға арналған қорлар

Айдын Күлсейітов бағдарлама жобасы тұрғын үй салу құнын төмендету туралы мәселені қозғамайтынын атап көрсетті. Бұл құрылыс салушыларды арзан несиемен қамтамасыз ету есебінен мүмкін болмақ.

 "Біз шамамен мынадай есеп жасадық – тұрғын үй құрылысын салу өзіндік құнының 25-30%-ға жуығы – банк несиелерін қамтамасыз етуге кететін құрылыс салушының маржасы. Сондықтан олар қазір несиеден бас тартып, үлескерлік құрылыс тетігі арқылы жұмыс істейді. Бұдан бөлек құрылыс материалдары есебінен өзіндің құнды 15-20%-ға азайту мүмкіндігі бар. Құрылыста отандық тауарлар деңгейінің нақты көрсеткіші 60%  шамасында болмақ. Өкінішке қарай, бағдарламада отандық тауарлар көрінісі көзделмеген, бірақ бұл аса маңызды жайт. Егер біз қазіргідей 50-70% құрылыс материалын импорттайтын болсақ, онда сауда тепе-теңдігіне және айырбас бағамына қысым жасалады. Өйткені, мемлекеттік бағдарлама арқылы алынатын теңге екінші деңгейлі банктерде долларға айырбасталып, сол долларға құрылыс материалдары импортталатын болады",–- дейді ол.

Құрылыс материалдарының жергілікті өндірісін дамытуды ынталандыру шаралары да мемлекеттік бағдарламада көзделуге тиіс деп санайды ол. Мысалы, тауар өткізудің тұрақты нарығын қамтамасыз ету.

"Өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімге отыру тетігін және бір жағынан құрылыс материалдарын өндірушілердің өндірісті жоспарлауға мүмкіндік беретін, екінші жағынан оларды өнім түрлерін көбейтіп, кеңейтуге және сапасын арттыруға міндеттейтін  басқа да тетіктерді қарастырған жөн. Бүгін біздің тауар өндірушілер екі-үш жылға алдын-ала жоспар жасай алмайды, инвестиция жасау тиімсіз. Сондықтан біздің кірпіш те, металл да сын көтермейді", – деп ойын түйіндеді ҚИДИ басшысы.

Құрылыс салушыларға сілтеме жасай отырып, айдын Күлсейітов тұрғын үй құрылысының өзіндік құнын төмендетудің тағы бірнеше жолын көрсетті: "Құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНМЕ) сүйеніп толған  паркингтер салуға міндеттейді, бұл тұрғын үй құнын қымбаттатып жібереді. Оның үстіне тұрғындардың ешқайсысы оны сатып алмайды. Өйткені, ол қымбат. ҚНМЕ бөлігінде бұл көппәтерлі құрылыстың құнын 7-8%-ға төмендетуге болатын бір ғана мысал. Егер инфрақұрылым жайлы айтар болсақ, онда да өте үлкен олқылық бар. Атап айтқанда, құрылыс салушы жылу, электрмен жабдықтау бойынша магистралды инфрақұрылымды салып, кейін оны не пайдалана алмайды, не қайтарып ала алмайды. Өйткені, табиғи монополиялар, тексеруші органдар арқылы әкімшілік сипаттағы көптеген кедергі бар. Олар бұл инфрақұрылымды коммуналдық қызмет балансына өткізуге мәжбүрлейді. Себебі, тосқауылдарға байланысты оны әкімшілендіру мүмкін емес. Бұдан басқа құрылыс салушылар оны тегін беріп қана қоймайды, олардан корпоративтік табыс салығын талап етеді, ол балансқа қабылдайтындар үшін қажет. Егер бұл мәселелер шешілсе, онда құрылыстың өзіндік құны да азаюы мүмкін".

Мемлекеттік-жеке серіктестік ауадай қажет

Мемлекеттік-жеке серіктестік (МЖС) тетігін де тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық сала үшін мемлекеттік бағдарламада көздеуге болады деп санайды Айдын Күлсейітов.

"Мен жалдық тұрғын үй құрылысына салуға және оны кейін әкімдікпен және министрлікпен келісімге келген жағдайда жеңілдетілген бағамен жалға беруге өз капиталы мен бар күшін жұмылдыруға дайын көптеген кәсіпкерді білемін. Мәселе арзан несиелеу мен инфрақұрылымның бөлінуінде болып отыр. МЖС коммерциялық сызбаларын тұрғын үй құрылысында да, инфрақұрылым құрылысында да пайдалануға болады, жолдар мен абаттандыруда қолдануға келмейді. Негізгі мәселе – осы бизнесті аяғынан тік тұрғызу үшін МЖС мүшесі қандай мөлшерлемеде ақша алады. Егер жылына 4% болса, онда МЖС жобасы 15 жылға есептеледі. Егер 8-12% болса, онда бірде бір МЖС жобасы бұл құнды төлей алмайды", – деп ашық айтты ҚИДИ басшысы.

Дина Ермаганбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу