​СҚО-да жаңа 29 Claas комбайны сатылды

3236

Краснодардан келген ауылшаруашылық машиналары ҚҚС төлеуден босатылмаған және инвестициялық субсидия алмаған.

​СҚО-да жаңа 29 Claas комбайны сатылды

Солтүстік Қазақстан облысы неміс компаниясының Краснодардағы ресейлік зауытында құрастырылған Claas Tucano маркалы астық жинайтын 29 комбайнды сатып алған. Бұл туралы СҚО әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының abctv.kz. сауалына берген жауабында айтылған.

"2018 жылдың тамыз айының соңы қыркүйектің басында темір жол арқылы Краснодардан Петропавл станциясына 29 астық жинайтын Claas Tucano комбайны келіп жетті. Петропавлда комбайндарға дөңгелек орнатылып, айналарға жарық беру сигналын орнату бойынша жинақтау жұмыстары жасалып, кабинаға көтерілетін баспалдақ және т.б. орнатылды. Комбайндарды Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының ауылшаруашылық өндірушілері сатып алған. Олар комбайндарды өз ақшаларына немесе қаржылық институттардың линизгтері арқылы сатып алған", – деп жазылған Солтүстік Қазақстанның аграрлық департаментінің хатында.

Бұған дейін margin.kz веб-сайты бұрынғы "Қазтехмаш" зауытының аумағында ресейлік астық жинайтын Claas комбайндарын екінші қайтара құрастыру басталады деп хабарлаған болатын. Кейін АШМ өкілі Бақыт Ілиясов шығарылған 30 комбайн туралы айтып abctv.kz-ке түсініктеме бергенде бұл ақпаратты жоққа шығармады. Бірақ кейін ауылшаруашылық ведомствосы қазір Claas комбайндары Ресейден жеткізіліп жатқанын нақтылады.

Ауылшаруашылық техникасы саласының көршілес астық өндірушілерді ойландырған негізгі мәселе -СҚО-дағы Claas астық жинау комбайндарын қайтадан құрастыру ықтимал жерсіндіруге байланысты ҚҚС мен импорттық баж салығын төлеуден босатылады деген қауесет. Алайда облыстың ауылшаруашылық басқармасы Ресейден жеткізілген комбайндар салық төлеуден не болмаса техниканы сатып алу барысындағы мақсатты субсидияда қандай да бір жеңілдік алмағанын айтты.

"Келген комбайндар ҚҚС-ны төлеуден босатылмаған, оларда "СТ-KZ" сертификаты жоқ және бүгінгі күні инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау бағдарламасы бойынша инвестициялық субсидиялар алған жоқ", – деп көрсетілген СҚО әкімдігінің хабарында.

Жергілікті атқарушы орган Солтүстік Қазақстанда Claas техникасын құрастыру туралы келіссөздер былтырғы жылдың тамызынан бастап жүргізілгенін еске салып кетті. 2018 жылдың ақпанында СҚО әкімдігі мен неміс компаниясының арасында жол картасына қол қойылған. Мамыр айында облыс аумағында Claas маркалы "Тукано" комбайндарын, "Ксерион" тракторларын және "Хорш" егін салу кешендерін құрастыруды іске асыруға және қолдауға дайын екендігі туралы меморандум тіркелді. Әкімдіктегілер меморандум шартына сәйкес Claas техникасын өндіретін және құрастыратын кәсіпорын СҚО-да 2019 жылы астық жинау маусымы басталғанға дейін іске қосылады деп отыр.

"Claas компаниясының өкілдері ауылшаруашылық техникасын шығару жобасын іске асыру үшін СҚО аумағында бос қоймасы бар мүліктік кешенді сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігін, сонымен қатар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында СТ-KZ сертификатын алу шарты мен арнайы инвестициялық келісімшарт жасау шартын қарастырып жатыр", – деді басқарма өкілдері.

Инвестиция және даму министрлігі неміс компаниясы Claas комбайндарын сатуда қандай да бір жеңілдіктер алмағанын растап отыр.

"Тап қазіргі уақытта өндіріс іске қосылмағандықтан, "Claas" компаниясы қандай да бір жеңілдік және артықшылық алған жоқ, сондай-ақ оны алу үшін ешқандай байқауға да қатысқан жоқ. ҚҚС-ны төлеуден босатылмаған және "СТ-KZ" сертификаты жоқ", – деп abctv.kz –тің сауалына жолданған ведомствоның вице-министр Роман Склярдың қолы қойылған хатта.

Сонымен қатар мемлекеттік орган елімізде тек "құрастыру" өндірісіне ғана жол бермес үшін келесі жылдың басында ауылшаруашылық техникаларын өндірістік құрастыру келісімі қолданысқа енгізілетінін айтып отыр.

"Келісім жасаған өндірушілерге жекелеген бөлшектер мен тораптарды дайындау бойынша міндет бекітіледі, сонымен қатар дәнекерлеу, пішу, бояуды қоса алғанда технологиялық операцияларды орындау міндеті қойылады. Жинақтаушы импорт пен дайын өнімді сату бойынша айналымнан салық төлеуде жеңілдіктер беру – келісімнің мәні болмақ. Одан әрі қарай министрлік мемлекеттік қолдау шараларын келісімге қосу жұмысын жүргізеді. Бұл тәсіл кәсіпорындарды жоғары дәрежелді жергіліктендіру өндірісін құруға ынталандырады", – деп отыр министрліктегілер.

Сондай-ақ abctv.kz СҚО-да қайтадан құрастырылатын Claas комбайндары ҚҚС-ны және импорттық баж салығын төлеуден босатылғаны рас па деген сауалды мемлекеттік кірістер комитетіне де қойған болатын. Оған комитет өкілдері салық кодексінің 428-бабының 1-тармағына сәйкес ҚҚС арнайы тізімде бекітілген ЕАЭО елдерінен тауар импорттау барысында есепке алу әдісі арқылы төленетінін айтты. Бұл арнайы тізімде ауылшаруашылық техникасы да бар.

"Көрсетілген тауарлар тізімі мен оларды жасау тәртібі салықтық саясат саласындағы өкілетті органмен белгіленеді. Салық кодексінің 428-бабының 2-тармағына сәйкес аталған баптың ҚҚС-ны есепке алу әдісімен төлеу ережесі ҚҚС төлеушінің одан әрі өткізуге арналмаған, халықаралық қаржы лизингіне беруді қоспағанда, қаржы лизингіне беру мақсатындағы, осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 7- тармақшасында көрсетілген, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы техникасын жасауда пайдаланылатын тауарларға қатысты қолданылады", – деп түсіндіруге тырысты комитеттегілер.

Мемлекеттік кірістер комитеті 1- тармағындағы тауарлар тізімі ұлттық экономика министрлігінің ақпан айындағы бұйрығымен бекітілген деп отыр.

"Осылайша, салық кодексінің 428-бабында бекітілген жоғарыда аталған талаптарды орындауда және тауарлар атауының тізімде болуынан, салық төлеуші ҚҚС-ны есепке алу әдісімен төлеу құқы бар", – деді салық органындағылар.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу