1 шақырымға – 1 теңге: Нұр-Сұлтанға тегін бара алмайсыз

3673

Павлодарда үш бағыттағы жол ақылы болмақ. 

1 шақырымға – 1 теңге: Нұр-Сұлтанға тегін бара алмайсыз

Павлодар – Нұр-Сұлтан, Павлодар – Семей және Павлодар – Ресей Федерациясы арасындағы жолды ақылы ету мәселесінің көтерілгеніне үш жылдың жүзі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жылдар бойы талқыланып келген мәселеге нүкте қойылмақ. "ҚазАвтоЖол" АҚ Павлодар облыстық филиалының мамандары осы жылдың наурыз айында өңірлер мен көршілес ел арасындағы шекара маңындағы ауыл тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізіп, олардың қолдауына ие болды. Сөйтіп, биылдан бастап үш бағыт ақылы жолға айналады.

"Бас қалаға жету үшін әр жеңіл көлік 1 шақырым жолға 1 теңге төлейді. Яғни, шамамен 400 теңге төлеуге тиіс. Семей мен Ресейдің Омбы облысы арасында жеңіл көліктер тегін қатынайды. Үш бағытта жолға шығатын жүк көліктерінің тарифі оның типіне қарай белгіленеді",– дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин.

Үш жолда бақылау аркалары орнатылып, көліктің нөмірін, жылдамдығын, басқа да мәліметтерді "оқитын" құралдар қойылады. Жолаушыларға ақылы жолдар бойынша кеңес беріп, түрлі қызмет көрсететін орталықтар да ашылмақ.

Ақылбек Қабылдиннің сөзінше, ақылы жолдан түскен табыс сол жолдың өзін күтіп-ұстауға жұмсалады. Жүргізушілердің қалтасынан шыққан қаражатқа қыста жол тазалайтын техникалар сатып алынады.

"Соңғы екі жылда Нұр-Сұлтан қаласына апаратын жолды қар басып қалуына байланысты шағымдар жиі түсті. Бірінші санатқа жататын бұл жолдың екі жақ шетінде қоршаулар бар. Содан жолда көп қар жиналады. Ал оларды уақытылы тазалайтын техника жетпейді. Жол ақылы болған соң техникалар сатып алуға мүмкіндік туады", - дейді филиал басшысы.

Бірақ кейбір тұрғындар мұндай жоспарға күмәнмен қарайды.

"Жол үшін қарапайым халық ақы төлеген соң оны жұмсау бағыты жұртшылықпен келісілуі керек деп ойлаймын. Қанша қаражат түсті, оған не сатып алынды, қанша шығын шықты – барлығының есебі ашық түрде тұрғындарға қолжетімді болуы тиіс. Әйтпегенде, тағы да әлдекімдердің қалтасын қампайтып жүрерміз. Тағы бір мәселе – жолдың ақылы болғанын алға тартып, такси қызметі қымбаттауы мүмкін. Қазір Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасында қатынау ақысы 5-6 мың теңге болса, 7-8 мың теңгеге дейін көтеріліп кетуі ғажап емес. Сондықтан жолды ақылы қылған мекемелер жолақысының күрт қымбаттап кетпеуін реттеуі керек",– дейді Павлодар қаласының тұрғыны Мақсат Әбдірахманов.

"ҚазАвтоЖол" жолдардың осы жылдың нақты қай кезінде ақылы болатынын дөп басып айта алмай отыр. Жол саласы мамандарының жаңа жүйе енгізілер уақытты көрсете алмауының себебі бар.

Себебі ақылы жолдарды ретке келтіру жұмыстарының бітер түрі жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын екі қала арасындағы жолдың 235-259 шақырымын қайта қалпына келтіру басталған-ды. Мердігер – "Ақмола Құрылыс Материалдары" ЖШС жұмысты кестеден кешіктірген соң былтыр "ҚазАвтоЖол" бұл компанияны сотқа беріп, жеңіп шыққан еді. Енді мердігерлер осы жылдың қыркүйек айына дейін 24 шақырымды ретке келтіруге тиіс.

 Павлодар мен Семей арасындағы жолдың жарытып тұрғаны да шамалы. Осыдан алты жыл бұрын бұл жолдың бар-жоғы 10 шақырымын жөндеу жұмыстары басталған болатын. Бірақ жобалық-сметалық құжаттамада қателіктер кеткен соң жұмысты тоқтатып қойып, сметаны түзетіп, қайтадан мемлекеттік сараптамадан өткізу керек болды. Сөйтіп жүргенде бес жыл өтті. Өткен жылдың қыркүйек айында ғана жөндеу жалғасты. Мұндағы жұмыстар да биыл аяқталуы керек. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей іс тағы да сағызша созылса, ақылы жолдың жобасы кейінге шегерілуі бек мүмкін.

Ал оған дейін сала мамандары жол бойы сервисін ашатын кәсіпкерлер іздеуде. Қазіргі таңда бірнеше инвестор жанар-жағармай бекетін, дәмхананы салуға бейілді көрінеді.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу