16 жастағы ойыншы 2026 жылдың жазында нақты ағылшын командасына қосылмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алматылық "Қайрат" пен лондондық "Челси" клубы 16 жастағы шабуылшының трансфері бойынша келісімге келір отыр. 18-ге толғанша Дастан Сәтпаев "Қайрат" сапында доп тебеді.
Дастан – Алматы қаласының тумасы. 8 жасында "Қайрат" академиясына түсіп, дайындықтың барлық сатысынан өткен дарынды футболшы.
Еске салайық, 2024 жылдың мамыр айында Д.Сәтбаев "Қайрат" командасында дебют жасаған ең жас ойыншы ретінде тарих жасаған-ды. Өткен QJ лигасында жас футболшы 28 ойында 26 гол соғып, 10 нәтижелі пастың авторы атанған еді. Сонымен қатар, маусымның үздік ойыншысы атағына да қол жеткізді. Ал УЕФА жасөспірімдер лигасында (U19) 16 жастағы футболшы төрт кездесуде бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
Бұған дейін танымал спорт журналисі Фабрицио Романо қазақстандық футболшының "Челсиға" ауысқанын хабарлаған болатын.