Қазақстан ұзақ жыл алаяқ деп айыптап, әлемнің түрлі елдеріндегі соттарда аяусыз шайқасып келген әкелі-балалы Статилерді тізе бүктіре алмай, ақыры "бейбіт келісімге" келуге ұйғарды. Әділет министрлігінің түсіндіруінше, текетірес ұзай берсе, болашақта елдің шетелдегі тағы бір активтеріне бұғатталу қаупі төнеді.
"Бұл келісім қоғамдық мүдделерді ескере отырып қабылданды және бюджет қаражатын шығындауды қарастырмайды. Біз бұл қадамның елімізге жаңа инвестициялар тартуға және экономикасының өсуіне оң ықпал ететініне сенеміз", – деді Әділет министрі Азамат Есқараев.
Сарапшылар молдовалық бизнесмендер Статилермен дауласу аясында сот шешімдерімен шетелде қазақстандық біраз актив бұғаттауда жатқанын еске салды. Өтеуге сол да жетіп қалуы мүмкін. Ол туралы төменде тоқталамыз.
"Болашақта Қазақстанның қандай да бір активтерін бұғаттау қаупін ескере отырып, оның үстіне 2013 жылғы арбитраждық шешімге қарсылық білдіріп, апелляция жасау үшін заңгерлік мүмкіндіктердің, сондай-ақ дауды тоқтатудың құқықтық жолдарының түгесілуіне байланысты тараптар келіссөз үстеліне отыруға ұйғарды. Ел басшылығының тапсырмасымен, Әділет министрлігі мен Ұлттық банк Статилердің тарапымен келіссөздер жүргізу нәтижесінде, заңгерлік міндеттеме белгілейтін құжатқа қол қойды", – деп хабарлады министрлік.
Informburo.kz жазуынша, бұл құжат дауды реттеудің негізгі, міндетті шарттарын бекітеді. Бірақ даудың бірнеше ел аумағын қамтитынына, тиісінше, мультиюрисдикциялық сипатқа ие екеніне орай, "техникалық мәселелерді жабу үшін тараптарға белгілі бір уақыт қажет болады". Ол мәселелер сот органдарына бірлескен мәлімдеме бағыттаумен байланысты. Бұл мәлімдеме мәтініндегі әрбір сөзді әр тарап мұқият таразылап, келісімнен өткізуі керек. Келісімнен өткеннен кейін өзгертуге мүмкіндік болмайды.
Мәжілісмен Азат Перуашев Қазақстанды Статилерге 544 миллион доллар өтемақы төлеуге міндеттеген Стокгольм арбитраж сотының сонау 2013 жылғы шешімінің күші сол бойы жойылмағанын еске салды.
"Ақпарат құралдарының мәліметіне жүгінсек, Қазақстан Үкіметі Статилермен соттасуға олардың талап еткен өтемақысынан екі еседей көп қаржы шығындаған. Бұған қоса, сот тартыстарында Қазақстанның мүддесін қорғаған Bolashak Consulting Group заңгерлік компаниясының тиімділігі де, қаржылық адалдығы да күмән тудырады. Бірқатар мәлімет бойынша бұл фирманың қызметтері қазақстандық салық төлеушілерге жыл сайын 60 миллион долларға түскен. Егер Статилермен халықаралық соттардағы дау-шарлар кем дегенде 13 жылға ұзағанын есепке алсақ, онда аталған компанияның құрылтайшыларының қалтасына жүздеген миллион доллар бюджет қаражаты құйылғанын болжауға болады. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл фирманың қожайындары – ескі Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктерімен ымыралас тұлғалар болған", – деді депутат А.Перуашев.
Оның айтуынша, бұл жұмысты Үкімет атынан үйлестірумен және қаржыландырумен тікелей Әділет министрлігі айналысты. Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев (2016-2022) Статилермен шайқасты өз жұмысының басты басымдығының бірі ретінде ілгерілеткені мәлім.
Енді белгілі болғандай, таяуда ғана Әділет министрлігі Bolashak Consulting Group компаниясының қызметтерінен бас тартыпты.
Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының, сондай-ақ ақпарат құралдарының: "Статимен соттасуға осы жылдар бойы қанша бюджет қаражаты шығындалды?" деген ресми сұрауларына қазіргі Әділет министрі Азамат Есқараевтың командасы да тура жауап бермей, жалтарып кетті.
"Шетелдік сот пен арбитраждық талқылауларда мемлекеттің мүдделерін қорғауға қажетті қаражаттар "Республикалық бюджет туралы" заңына сәйкес, "047" бюджеттік бағдарлама аясында әрбір үш жылға бөлінеді. ҚР мүдделерін шетелдік соттарда және арбитраждық процестерде қорғаудың барлық шығыстары министрлікке бөлінген бюджет аясында әкімшілендіріледі", – деп сырғытпа жауап берді министрлік.
Жалпы, Қазақстан жыл сайын аталған "047" бюджеттік бағдарлама аясында "Арбитраж-төреліктерде, шетелдік төреліктерде, шетелдік мемлекеттік және сот органдарында, сондай-ақ төрелікке дейінгі және сотқа дейінгі дауларды реттеу процесінде мемлекеттің мүдделерін қорғау және білдіру, ҚР Үкіметінің қатысуымен шетелде өткізілетін сот немесе төрелік талқылаулардың перспективаларын бағалау" үшін жыл сайын астатөк, ондаған миллиард теңге шығындап келеді.
Мысалы, 2019 жылы 15 млрд 912,8 млн, Статилермен шайқас шырқау шегіне жеткен 2020 жылы – 21 млрд 403,6 млн, 2021 жылы – 21 млрд 195,5 млн, 2022 жылы – 18 млрд 292,9 млн, 2023 жылы – 16 млрд 181 млн теңге бағытталған. 2024 жылғы шығын 9 млрд 701 млн теңгеге дейін азайтылды. Бұл ретте молдаван бизнесмендерімен татуласқанымен, олармен арадағы келісімдерді шетелдік соттарда бекіту процесі де қомақты қаражатты қажет ететінін ұмытпаған жөн. Ол үшін Қазақстан ары қарай шетелдік заңгерлерді жалдап, қызметіне жүгінуде.
Әділет министрлігінің түсіндіруінше, Статилермен арадағы негiздемелiк келiсiмнiң (рамочное соглашение) шарттары бойынша тараптар реттеу процесін түпкілікті аяқтауға ниетті. Бірақ оның мерзімін де, өзге егжей-тегжейін де тараптар жұртшылыққа жария етпеді.
"Бұл мәміле екіжақты болғандықтан, әрі қос тарапты да өзара байлап-матайтын міндеттемелер мен құқықтарды қарастыратындықтан, инвесторлар Қазақстан реттеудің жай-жапсарын жұртшылыққа жария етпейді деп күтіп отыр", – деп мәлімдеді Әділет министрлігі.
Шиеленіс неден басталды?
Қазақстан бұл алаяқ инвесторлармен Еуропаның көптеген елінде "ұрыс" жүргізді: кей жерде тізе бүктірді, кейбір тұста жеңілді, кейде итжығыс түсті. Былтырғы 25 қазанда 71-ге толған кишиневтік бизнесмен Анатол Стати заманында Молдованың "№1 ең бай тұлғасы" атанған. Ол өзі негізін қалаған Ascom Group ірі мұнай-газ компаниясының вице-президенті етіп, ұлы Габриельді тағайындады. Түрікменстан, Судан, Иракта шикізат өндіріп, табысқа кенелген Ascom Group тағы бір мұнайлы ел – Қазақстанға назар аударады. 1999 жылы Анатол Стати құрған Tristan Oil Ltd офшорлық компаниясы қазақстандық 2 мұнай компаниясының – TolknynNefteGaz және KazPolMunay-дың бақылаушы акциялар пакетін сатып алады. Солар арқылы Tristan Oil "Боранкөл" және "Толқын" мұнай-газ кенорындарын игерді, салмақты табыс тапты. Кейінгі деректер бойынша компания Қазақстанда 13 млн тонна мұнай және 10 млрд текше метр газдың барланған қорына иелік еткен.
Алайда, "Айқын" газеті жазғандай, 2008 жылы құзырлы органдар нысаналы түрде тексеріс жүргізіп, қорытындысында TolknynNefteGaz және KazPolMunay салықтан жалтарып келген деген айып тақты. Бұл топтың өз есептерінде және лицензиясында "кәсіпшілік құбыр" деп кішірейтілген активі шын мәнінде алып "магистральдік құбырлар" болып шыққан. Сол кезде қос компанияның нарықтық құны 500 млн долларға бағаланатын. Кейін осы сан төрелік соттардың үкіміне негіз болды.
Ендеше Қазақстан Үкіметі және Статилер арасындағы қақтығыс 2008 жылы басталған. Содан бері 16 жыл өтті.
2009 жылы KazPolMunay директоры Сергей Корнегруц тұтқындалды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айырды. Оның үш сыбайласына халықаралық іздеу жарияланды.
Бірақ әкелі-балалы Статилердің былығы әлдеқайда ауқымды екен. Сол кездегі Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігі төл тексерісін жүргізе келе, 2002–2008 жылдары аталған екі компания Қазақстанның магистралдық мұнай-газ құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 147 миллиард теңгеден астам заңсыз табыс тапқанын әшкереледі және оны мемлекет пайдасына өндіртіп алу үшін материалдарды сотқа жолдады. TolknynNefteGaz директоры шетелге қашты. Оған 125 млрд теңге заңсыз табыс тапқаны үшін халықаралық іздеу жарияланды. Сот арқылы Боранкөл және Толқын кен орындары Статилерден алып қойылып, "ҚазМұнайГаз" басқаруына табысталды.
Анатол Стати 2009 жылғы 10 маусымда офшорда – британдық Виргин аралдарында Laren Holdings Ltd фирмасын құрып, ертесіне Renaissance Securities Limited инвестқорынан және кредиторлар тобынан 60 млн доллар кредит алады. Сонда Қазақстандағы активін кепілге қойған. Молдовалық ақпарат құралдары жазғандай, оның бір бөлігі Қазақстандағы салық бойынша берешекті өтеу үшін Tristan Oil-ға аударылуға тиіс болатын. Жаңа Laren Holdings несиесін 2009 жылғы 11 желтоқсанда қайтаруға міндеттеме алды, бірақ қайтармады. Міндеттемесін орындай алмауына "активтерін тартып алған Қазақстан Үкіметінің әрекеттері себепкер" деп, бар айыпты соған жаппақ болады.
Қақтығыс халықаралық аренаға шықты
Статилер қарсы шабуылға көшті. Әділет министрлігі мәлімдегендей, Қазақстан Үкіметі арасындағы шиеленісті шешіп, салығын төлеуге тырыспады. Оның орнына Стокгольмның арбитраждық сотына Қазақстанға қарсы шағым түсірген. Ал, 2011 жылы 93 млн долларға жеткен берешегі үшін соңына түскен кредиторларымен байланысын үзіп, бірер жылға ізім-ғайым жоқ болады.
2013 жылғы 19 желтоқсанда Швеция астанасы Стокгольмның Арбитраждық соты Статилер ұсынған жалған құжаттар негізінде "Қазақстан Ascom Group-қа 544 млн доллар өтемақы төлеуге тиіс" деген шешім қабылдайды. Негізі, Стати Қазақстаннан 4 миллиард доллар өтемақы талап еткен.
Содан кейін Швеция, Британия, АҚШ, Бельгия, Нидерланды және Люксембургтің соттарындағы шет-шегі жоқ егесу-ырғасу эпопеясы басталды. Қазақстандық тарап соттарда Анатол және Габриэль Статилердің халықаралық инвесторлардан қаржыны жалған құжаттар негізінде, алаяқтық жолмен алғанын, Қазақстан Үкіметіне берген қаржылық есептерін фальсификациялағанын, аудиторлық қорытындыларға алдау жолымен қол жеткізгенін, өздері ұрлаған ақшаны мемлекеттен өндіріп алу үшін Қазақстанға қарсы халықаралық арбитражға бастамашы болғанын айтып, табандады.
Бірақ дәйектемелік базасын сауатты құра алмады ма, Қазақстан тарапы шетелдік соттардың көбінен тауы шағылып қайтты. Бұған қанаттанған Статилер швециялық соттың үкімін мәжбүрлі орындатуға талаптанды. Мысалы, 2017 жылғы қазанда Швецияда Қазақстанның Ұлттық қорының 730 миллион швед кроны (пайыздық сыйақыларын қоса алғанда, бүгінде – шамамен 80-100 миллион доллар) көлеміндегі активі тұтқындалды.
Ең үлкен соққы 2017 жылғы желтоқсанда жасалды. Америкалық Bank of New York Mellon Статидің талап қоюы негізінде Қазақстанның Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаражатын бұғаттады.
Соттарда арпалысу арқылы Қазақстан бұғатталған активтерінің жалпы көлемін шведтік төрелік шешімде айтылған "500 доллар+пайыздар" көлемімен ғана шектеуге қол жеткізді. 2018 жылғы 22 қаңтарда ҚР Ұлттық банкінің талап арызы негізінде Амстердамның округтік соты Ұлттық қордың Bank of NewYork Mellon банкінде кастодиандық сақтауда тұрған 22 млрд доллардың 21,5 миллиардтық активін "тұтқыннан" босатты. Миллиардтар дереу басқа кастодиан банктерге аударылды. Қалған қаражатты босату тек ағылшын соттарында ғана мүмкін болады.
Сондай-ақ ақпарат құралдарының жазуынша, Люксембургте Eurasian Resources Group компаниясынан Қазақстанға аударылуға тиісті болған төлемдер де бұғаттауда жатыр. Тараптар дауларын толық реттеп, есептескен соң Қазақстан шектеу қойылған барлық активтерін босатып алуға күш салуы қажет.