2016 жылы "алтын доп" кімге бұйырады?

4179

Франс футбол журналы 12 желтоқсанда Астана уақытымен түнгі 10.30-да 2016 жылғы "алтын доп" иегері анықталатынын мәлімдеді. 2016 жылы франциялық осы басылым мен ФИФА арасындағы 6 жылдық келісім аяқталды.

2016 жылы "алтын доп" кімге бұйырады? Фото: myday.uz

Естеріңізге саламыз, 2010 жылдан бастап "ФИФА-ның үздік ойыншысы" осы басылыммен бір мәмілеге келіп, ортақ номинация ретінде келісім жасасқан еді. Бірлескен жұмыс ұзақ жылдарға созылатын болып көрінгенімен, осы күзде екі тарап келісімге келе алмады. Осылайша, бұл марапат тағы да бұрынғыдай екіге бөлінді.

Ең алғашқы "алтын доп" 1958 жылы ағылшындық Стэнли Мэтьюзге бұйырған болатын. Осыдан кейін жыл сайын бұл "алтын доп", тиісінше, өз иесін тауып отырды. Олардың арасында Кеңес Одағының жұлдыздары Лев Яшин, Олег Блохин, Игорь Белановтардың да осы марапатқа ие болғанын футбол жанкүйерлері жақсы біледі. 1995 жылы ереже өзгеріп, БАҚ өкілдері тек Еуропалықтарға ғана емес, бәріне дауыс бере алатын болды. Сол кезде бірден "алтын доп" либериялық форвард Джордж Веаға бұйырған еді. Ал 2007 жылы футболшылардан бұл сыйлыққа ие болу үшін міндетті түрде Еуропа командаларында ойнау талап етілген жоқ.

Франциялық басылымның хабарлауынша, соңғы рет "алтын допқа" Криштиану Роналду мен Лионель Месси ғана ие болып, әлі күнге екеуара талас жүргізіп келеді.

Бұл басылым ФИФА-дан бөлінген соң біраз өзгеріс енгізді. "Алтын доптан" үміткерлер тізімін бұрынғыдай 23 емес 30-ға дейін ұзартты. Бұрынғыдай 3 финалист болмайды және марапаттау мерзімін қаңтардан желтоқсанға бірден ауыстырып тастады. Онымен қоса, дауыс беру тәсілі де өзгеріске ұшырады. Жаңа ереже бойынша енді тек журналшылар ғана дауыс береді. Бұрынғыдай команда капитандары мен бас жаттықтырушылар дауыс беру құқынан айрылған.

"ФИФА-ның жыл ойыншысы 2016" байқауының ақтық сынына 3 ойыншы шықты, олар Роналду, Месси және Антуан Гризманн.

Футбол білгіштерінің болжамына сүйенсек, осы үшеуі "алтын допқа" таласатын сияқты. Мұндай болжам жасауының жөні де бар, өйткені, жалғыз ойыншының ғана емес, дауыс беру кезінде оның ойнаған командасының да жетістіктері ескеріледі. Мәселен, Роналду басты үміткер саналады, өйткені, оның командасы корольдік клуб Мадридтің Реалы чемпиондар лигасын ұтып алды және Португалия құрамасы Роналдумен бірге Еуропа чемпионы атанып отыр.

Барселона және Аргентина құрамасының лидері Лионель Мессидің де жағдайы жаман емес, көбіне, Испания чемпионаты Ла лигадағы жетістіктері ерекше, оның ішінде Король кубогы мен суперкубок бар және оған қоса, Аргентинамен бірге Америка Кубогының күміс жүлдегері атанған.

Жас ойыншы Гризманн қазіргі таңдағы жұлдызы жарқырап тұрған ойыншылардың бірі саналады. Ел аузындағы үздік ойыншы осы франциялық жігіт. Антуан Атлетико құрамында Чемпиондар лигасының финалдық кездесуінде әттең пенальтиден мүлт кектпегенде немесе Еуропа чемпионатындағы финалда гол соғып, Франция чемпионы болғанда Гризманның асығы алшысынан түсіп-ақ тұр еді. Өкінішке қарай, олай болмады.

Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, олар, тіпті, "алтын допқа" кім ие болғанын жазып жатыр және ол Криштиану Роналду деп хабар таратып отыр. Енді тек ресми түрде жариялау қалды.

Дегенмен, әлі ешнәрсе шешілген жоқ. Бұл – тек, болжам. Соңғы сәтте бәрі керісінше шығуы да мүмкін. 12 желтоқсан Астана уақытымен 22.30-да "алтын доптың" иегерін білеміз.

Сонымен қатар, Астана уақытымен 17.00-де Еуропа кубоктарының жеребесі тасталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу