Тауық жылы отандық спортшылар үшін табысты болды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2645

Жыл жабылар тұста Фируза Шарипованың әлем чемпионы атануы спорт саласында асқақтап тұрған абыройымызды еселеп, атағымызды аспандатып жіберді.  

Тауық жылы отандық спортшылар үшін табысты болды

Өткен жыл қазақ спорты үшін аса табысты болды. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жылдың соңғы күні сол жетістіктеріміздің ең бастылары мен маңыздыларына тоқталғанды жөн көрдік.

2017 жылдың қаңтар айында футболдан 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен ХХІХ Гранаткин мемориалының финалына шықты. Александр Кузнецов жаттықтыратын жасөспірімдер құрамасы тұңғыш рет осы дәстүрлі турнирден күміс жүлде олжалап қайтты. Аяқдоп әлемі қазақтың 17 жастағы қарадомалағы Еркебұлан Сейідахметтің өнеріне тәнті болды.

Қаңтардың аяғында Алматыда ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиада басталып, дүниежүзі жанкүйерлерінің назары Алатау бөктеріне ауды. Қазақстан спортшылары сенімді ақтауға тырысып, 36 медаль (11 алтын, 8 күміс, 17 қола) еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Біздің алдымызды құрамы ауқымды Ресей спортшылары орап кетті (71 медаль).

Бұдан кейін Жапонияның Саппоро қаласында VІІІ қысқы Азия ойындары өтіп, Қазақстан спортшылары 32 медаль олжалады (9 алтын, 11 күміс, 12 қола). Жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болғандарымен, ел намысын абыроймен қорғады. Осы ретте әртүрлі себептермен кейбір спорт түрлерінде ең үздік спортшыларымызды апармағанымызды айта кеткен жөн болар.

Бакуде өткен ІV Ислам ынтымақтастығы ойындарына Қазақстан небәрі 32 қыз-жігітімізді үкілеп қосып, 262 медаль жиынтығы сарапқа салынған кешенді додадан 19 жүлде (2 алтын, 5 күміс, 17 қола) олжалап қайтты. Бұл аламан додаға біздің басшыларымыз бен бапкерлеріміз негізінен ұлттық құрамадағы екінші-үшінші нөмірлі қыз-жігіттерімізді апарған болатын.

Қазақ күресінен жалпыұлттық "Қазақстан барысы" жобасы жетінші рет ұйымдастырылып, оның финалдық белдесулеріне сайдың тасындай іріктелген 34 балуан қатысты. Олардың ішінде Еламан Ерғалиевтің бағы жанып, төл өнеріміздің 2017 жылғы жеңімпазы атанды. 

Жадыраған жазда "Астана Арландары" үшінші рет WSB жобасы чемпионы атанып, қазақ боксының абыройын асқақтатып, мерейін тасытты. Нұрлан Ақүрпеков бастаған күрзі жұдырықты жігіттеріміз шектен тыс шиеленісті өткен финалдық кездесуде Куа қабыландарын 6:5 есебімен ұтты.

Бокс десе, тықыршып отыра алмайтын жанкүйерлеріміз былғары қолғапты шеберлеріміздің Ташкентте өткен Азия чемпионатынан 8 медаль (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) әкелгендеріне тояттана қоймады. Ал Гамбургте өткен әлем чемпионатында Қайрат Ералиев алтынмен апталып, Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлдені, ал Жомарт Ержан, Абылайхан Жүсіпов және Василий Левит үшеуі қоланы қанағат тұтқанда, әжептәуір қуанды.

Қыркүйектің екінші жартысында Ашхабадта жауынгерлік өнер түрлері мен жабық ғимараттағы V Азия ойындары өтіп, Қазақстан спортшылары жалпы командалық есепте 4-орынға ие болды. Олар 28 алтын, 28 күміс, 40 қола, сонда бәрі 96 медаль жеңіп алып, сенім үдесінен шықты.

Ал жыл соңында "Астана" футбол клубы Еуропа лигасының 1/16-финалына шығып, қазақ футболында бұрын-соңды болмаған ерен жетістікке қол жеткізді. Төрт дүркін Қазақстан чемпионы Прагада қайсарлықтың үлгісін танытып, шектен тыс тартысты ойында тарихи жеңіске қол жеткізді ("Славия" клубын түзде 1:0 есебімен ұтты).

Кәсіпқой бокста Геннадий Головкин бастаған тарланбоздарымыз 2017 жылы да төрткіл дүниені тәнті қылып, қазақ боксының мерейін тасытты. Геннадий Головкин, Қанат Ислам, Иса Ақбербаев, Жанқош Тұраров, Жанат Жақиянов, Бекман Сойлыбаев, Айдар Шәрібаев, Батыржан Жүкембаев, Мадияр Әшкеев, Али Ахметов, Мейірім Нұрсұлтанов, Иван Дычко және басқа да қайыс қолғапты қырандарымыздың жеңістерінен "жаңылыса" бастадық.

Жыл жабылар тұста Алматыда кәсіпқой бокстан қыздар арасында өткен жекпе-жекте отандасымыз Фируза Шарипованың бельгиялық спортшы Джемилла Гонтарюкті жеңіп, WSB Silver және IBO нұсқалары бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы атануы спорт саласында асқақтап тұрған абыройымызды еселеп, атағымызды аспандатып жіберді.  

Динара Садуақасова және Жансая Әбдімәлік сынды талантты шахматшы аруларымыз қазақ қыздарының ақыл-парасаты мен ой-өрісі жоғары екенін паш етіп, халықаралық аренада көпшілікті сүйсіндірді.

Қысқы спорт түрлеріндегі Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша (шорт-трек), Галина Вишневская, Максим Браун (биатлон), Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд (фристайль) сынды әдеуеттері зор спортшыларымыздың әлем кубоктарындағы жарқын жеңістері 2018 жылғы қысқы Олимпиада алдында үміт отын маздата түсті.

Жалпы, 2017 жылғы Қазақстан спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктерін бір-екі бетке сыйғызып, тізіп шығу мүмкін емес. Мәселен, жазғы спорт түріндегі жеңістеріміздің өзі қаншама?! Алдағы Олимпиада жылы бұдан да табысты, жеңіске толы болсын дейміз! "Алға, Қазақстан!" ұраны әлемнің түкпір-түкпірінде жаңғыра берсе екен деп тілейміз! 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу